Logo
Іздеу
Айдарлар

"Түсіме жиі кіреді, дауысын анық естідім": Асанәлі Әшімов Сағи ұлын еске алып, жылап қалды (ВИДЕО)

/
"Түсіме жиі кіреді, дауысын анық естідім": Асанәлі Әшімов Сағи ұлын еске алып, жылап қалды (ВИДЕО)
Arasha.kz коллажы

"1001 түн" бағдарламасына қонақ болған кино және театр өнерінің тарланы Асанәлі Әшімов студияда өмірден ерте өткен ұлдарын еске алып, толқып сөйледі, деп хабарлайды Arasha.kz

Актердің айтуынша, марқұм анасы мен балалары түсіне жиі кіретін көрінеді. Ол Сағи ұлына қатысты ерекше бір сәтті тебіреніспен баяндады.

"Анам да, ұлдарым да түсіме жиі кіреді. Бірде ауруханаға ем қабылдауға баруым керек еді, бірақ ұйықтап қалыппын. Сол сәтте Сағи ұлым түсіме кірді. Оның "аға" деген дауысын анық естідім. Оятқаны ғой. Балаларымды өзіме інімдей көріппін. Бір өкінішім – бетінен бір рет те сүймеппін", – деді актер көз жасын тыя алмай.

Айта кетейік, Сағи Әшімов 1961 жылы дүниеге келіп, 1999 жылы небәрі 38 жасында өмірден өткен. Ол 9-сыныптан бастап киноға түсіп, шамамен 30-ға жуық фильмде әртүрлі рөлдерді сомдаған.

Kznews.kz жазуынша, Сағи Әшімовтің шығармашылық жолындағы ең биік белесі – "Шоқан Уәлиханов" телефильміндегі басты рөлі. Осы бейнесі үшін ол 25 жасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болған.

Өмірден ерте озған Сағи Әшімов көрермен жадында жарқ етіп сөнген аққан жұлдыздай дара талант ретінде қалды. Ал Асанәлі Әшімов үшін қос ұлынан айырылу – жүректен кетпейтін ауыр қасірет.

"Кейде бәрін өзімнен көремін. Атақ, даңқ адамды байқатпай өзгертіп жібереді екен. Алла Тағала сол үшін ескерту жасады ма деп ойлаймын", – дейді актер.