Бүгін, 23 желтоқсанда Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында қазақ өнерінің көрнекті өкілі, актер әрі режиссер, Қазақ КСР және КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімовпен қоштасу рәсімі өтуде, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қаралы жиынға мәдениет пен өнер саласының өкілдері, қоғам қайраткерлері, марқұмның сахнадағы серіктестері мен шәкірттері, сондай-ақ қала тұрғындары жиналды. Көпшілік ұлы тұлғаның рухына тағзым етіп, соңғы сапарға шығарып салуға келді.
Марқұмды жерлеу рәсімі бүгін кешірек Алматы қаласындағы "Кеңсай-1" зиратында өтеді.
Еске сала кетейік, Асанәлі Әшімов 21 желтоқсанда 89 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ол қазақ киносы мен театрының алтын қорына енген ондаған жарқын бейнені сомдап, ұлттық өнердің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Сонымен қатар бірнеше буын актердің кәсіби қалыптасуына жол ашып, ұстаздық еңбегімен де ел жадында қалды.