Logo
Іздеу
Айдарлар

"Бақұл болыңыз!" – Асанәлі Әшімовтің денесі жер қойнына тапсырылды (ВИДЕО)

/
"Бақұл болыңыз!" – Асанәлі Әшімовтің денесі жер қойнына тапсырылды (ВИДЕО)
Arasha.kz коллажы

Бүгін Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында көрнекті актермен қоштасу рәсімі өтті. Қаралы жиыннан кейін Асанәлі Әшімов "Кеңсай-1" зиратына жерленді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Асанәлі Әшімов 1937 жылғы 8 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма ауылында дүниеге келген. Ол Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетін тәмамдап, актер мамандығын меңгерді.

Өнер иесі көрерменге кино саласындағы жарқын бейнелері арқылы кеңінен танылды. Ол «Қыз Жібек» фильміндегі Бекежан, «Атаманның ақыры» картинасындағы Шадияров, «Сарқырамадағы» Мәмбет, «Трансібір экспресіндегі» Қасымханов секілді рөлдерімен қазақ киносының алтын қорына енді.

Асанәлі Әшімов режиссер ретінде де ұлттық театр өнеріне зор үлес қосты. Ол Н.Гогольдің «Ревизорын», Ғ.Мүсіреповтің «Амангелдісін», И.Оразбаевтың «Мен ішпеген у бар ма?!» және басқа да қойылымдарды сахналап, көрерменнің жоғары бағасына ие болды.

Сонымен қатар ол Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры сахнасында Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясындағы Керім, «Еңлік-Кебектегі» Кебек, «Қара қыпшақ Қобыландыдағы» Айшуақ, «Таңғы жаңғырықтағы» Жарасбай, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуындағы» Қодар секілді күрделі әрі ірі кейіпкерлерді сомдап, сахна өнерінің биік үлгісін көрсетті.