Logo
Іздеу
Айдарлар

Шәкен Айманов қайтқан күні күйеу баласы Асанәлі Әшімов жерленді: Арасы тура 55 жыл

/
Шәкен Айманов қайтқан күні күйеу баласы Асанәлі Әшімов жерленді: Арасы тура 55 жыл
Arasha.kz коллажы. Суретте: Асанәлі Әшімов пен Шәкен Айманов

Танымал айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева желідегі парақшасында ел білмейтін ерекше жайтты жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Айнұр Тұрсынбаеваның жазуынша, қазақ киносы мен өнер тарихындағы ерекше бір сәйкестік ел назарынан тыс қалып кеткен екен.

"Шәкен Айманов қайтқан күні Асанәлі Әшімов жерленді. Асанәлі Әшімов пен Шәкен Аймановтың арасында туыстық қатынастың болғанын бірі білсе, бірі біле бермейді. Асанәлі ағамыз – Шәкен Аймановқа күйеуі бала. Бүгін – Шәкен Аймановтың қайтыс болған күні. Бүгін Асанәлі Әшімовтің жамбасы жерге тиген күн. Не деген сәйкестік? Қазақтың өнеріндегі, тарихындағы, киносындағы ешқашан өлмейтін тұлғалар желтоқсанның ызғарында көрерменін ызғарлы мұңға батырып кете барғаны... Асанәлі Әшімов атасынан кейін тура 55 жыл өмір сүрген екен. Өмірінің соңына дейін қасқайып сахнада тұрды. Абыз еді! Ортамыздағы аңыз еді", – деп жазды Айнұр Тұрсынбаева.

Шәкен Айманов – қазақтың театр және кино өнерінің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан біртуар тұлға. Ол 1914 жылы 15 ақпанда Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Шығармашылыққа деген құштарлығы бала кезінен байқалып, жездесі Қали Байжановтың өнерін тыңдап өсті. 1932 жылы Алматыдағы Қазақ драма театрына шақырылып, актерлік жолын бастады. Театр сахнасында Ақан сері, Қобыланды, Отелло, Алдар көсе сияқты күрделі бейнелерді сомдап, ұлттық сахна өнерінде өшпес із қалдырды. Айманов актерлік шеберлігімен қатар режиссерлік қабілетімен де ерекшеленді. 1947-1951 жылдары Қазақ академиялық драма театрының бас режиссері болды. Ол қазақ кино өнерінің негізін қалаушылардың бірі саналады. "Біздің сүйікті дәрігер", "Тақиялы періште" фильмдері арқылы комедиялық жанрды жаңа деңгейге көтерді. "Алдар көсе" мен "Атамекен" фильмдері ұлттық киноның көркемдік қуатын арттырды. Ал "Атаманның ақыры" режиссердің шығармашылық шыңы ретінде бағаланады. Шәкен Айманов ұзақ жылдар "Қазақфильм" студиясының көркемдік жетекшісі қызметін атқарды. Ол Қазақстан Кинематографистер одағының құрылуына да белсене атсалысты. Өнердегі еңбегі үшін КСРО Халық әртісі атағы мен мемлекеттік сыйлықтарға ие болды.