Астанада ерлі-зайыпты Дәулет пен Толқын Тотақановтарға қатысты сот процесі жалғасуда. Мемлекеттік айыптаушы жарыссөз барысында оларды 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сонымен қатар, кәмелетке толмаған баласының болуын ескере отырып, Толқын Тотақановаға жазасын өтеуді кейінге қалдыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Тергеу материалдарына сәйкес, 2020-2024 жылдар аралығында Тотақановтар Instagram желісінде ұлдарының диагнозын алға тартып, еміне қаржы жинаған. Олар әлеуметтік желіде әсерлі видеолар мен жазбалар жариялап, қайырымдылыққа шақыруды жүйелі түрде жүргізген. Нәтижесінде 1,3 млрд теңгеден астам қаражат жиналған. Алайда бұл соманың тек шамамен 6,4-6,5 млн теңгесі ғана баланың еміне жұмсалғаны анықталды.
Қалған қаражаттың негізгі бөлігі Астанадан үш пәтер мен жер телімін сатып алуға, бес автокөлік алуға, қымбат брендтік киім-кешекке, шетелдік сапарларға және букмекерлік кеңселердегі ставкаларға жұмсалған. Бұдан бөлек, 481 млн теңгеден астам қаржы әлеуметтік желідегі парақшаларды жарнамалап, ілгерілетуге бағытталған.