Logo
Іздеу
Айдарлар

Адамдардың сау тісін жұлып, ақшаға қарық боп келген дәрігерлердің арты ашылды

/
Адамдардың сау тісін жұлып, ақшаға қарық боп келген дәрігерлердің арты ашылды
ArtistGNDphotography / Getty Images

Ресейде құқық қорғау органдары жеке стоматологиялық клиникалар желісі ұйымдастырған ірі алаяқтық схеманың бетін ашты. Республика ІІМ мәліметінше, қылмысқа 17 адам қатысқан: екі ұйымдастырушы мен клиникалардың 15 қызметкері. Бұл туралы Arasha.kz тілшісі Газета.Ru басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер Ресейдің бірнеше қаласының тұрғындарынан – Ижевск, Мәскеу, Барнаул және Набережные Челны қалаларында заңсыз жолмен ақша иемденген. Аталған қалаларда істің фигуранттары ұсталды.

Тергеу мәліметінше, алаяқтықтың негізінде пациенттерді психологиялық тұрғыда иландыру мен қажетсіз қызметтерді күштеп таңу жатқан. Мәскеуде тұратын екі ағайынды жеке стоматологиялық клиникалар желісін ашып, клиенттерге тегін панорамалық тіс рентгені мен алғашқы кеңес ұсынған.

Алайда тексеріс барысында клиника қызметкерлері пациенттерді қымбат әрі көп жағдайда мүлде қажет емес ем қабылдауға көндірген. Бұған қоса, нақты стоматологиялық мәселесіне қатысы жоқ қосымша қызметтер де міндеттелген.

Емнің ақысын төлеу үшін алаяқтар пациенттерге клиника ішінде бірден несие рәсімдеуді ұсынған. Бұл ретте клиенттерге ойлануға немесе жақындарымен ақылдасуға мүмкіндік берілмеген. Тергеу кейбір жағдайларда топ мүшелері сау тістерді емдеп немесе жұлып, адамдарды негізсіз медициналық араласуға ұшыратқанын да анықтаған.

Қылмыстық әрекеттер салдарынан Ресейдің кемінде 14 тұрғыны, сондай-ақ өзге өңірлерден ондаған азамат зардап шеккен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 4 миллион рубльден асады деп бағаланып отыр.