Logo
Іздеу
Айдарлар

92 жастағы ата 60 жылдың ішінде 3599 кітапты оқып, әлемдік рекордты орнатты

/
92 жастағы ата 60 жылдың ішінде 3599 кітапты оқып, әлемдік рекордты орнатты
ашық дереккөзден. Суретте: Дэн Пельцер

Өмірдің түрлі алаңдататын жағдайларына байланысты кітап оқуға уақыт табу көп адамға қиын. Ал Дэн Пельцер есімді ер адам үшін оқу – бүкіл ғұмырының мәні болған, деп жазады Arasha.kz.

Smithsonianmag жазуынша, @drawntobooks лақап атымен танымал букблогер TikTok-та Дэн Пельцердің "оқылған кітаптар тізімінде мыңдаған атау болғанын, олардың ішінде өзі ең жаманы деп бағалаған бір кітап барын" айтып берді.

Дэн өмірден өткен соң артында ерекше мұра қалдырды – ол өз өмірінің 60 жылдық мұқият жүргізілген архивін қалдырған. 1962 жылы Непалда Бейбітшілік корпусында қызмет етіп жүрген кезінде ол шағын волонтерлік кітапханадағы 150 кітапты оқудан бастаған.

Елге оралған соң да оқуын тоқтатпай, тізіміндегі кітаптардың бәрін рет-ретімен оқып шыққан. Классикалық шығармалардан бастап естеліктерге, Джон Гришэмнің романдарына дейін Дэн барлығын оқып, әр кітаптың атауын мұқият жазып отырған. Ол жылына 80-ге жуық кітап оқи алған.

Сонымен қатар кітаптарды сатып алуға қомақты қаржы жұмсамау үшін олардың көпшілігін жергілікті кітапханадан алған.

Өмірінің соңында Дэн 109 беттен тұратын тізім қалдырды. Онда 3599 кітаптың атауы бар. Ол бастаған әрбір кітабын ұнаса да, ұнамаса да, соңына дейін оқып шығатын қағиданы ұстанған.

Ең ұнамаған кітабы – 1920 жылы жарық көрген Джеймс Джойстың "Улисс" романы. Көлемді әрі күрделі бұл шығармада 1904 жылғы 16 маусым күні Дублинде өткен бір күн ішінде үш кейіпкер – Стивен Дедалус, Леопольд Блум мен Молли Блумның ішкі толғаныстары суреттеледі. Дэн Пельцер бұл кітапты "нағыз азап" деп бағалаған.