Logo
Іздеу
Айдарлар

Танымал мектеп директоры күйеуін тұңғыш рет көрсетіп, елді таңғалдырды (ФОТО)

/
Танымал мектеп директоры күйеуін тұңғыш рет көрсетіп, елді таңғалдырды (ФОТО)
ашық дереккөзден. Суретте: Ақмоншақ Нұртазақызы

Танымал мектеп директоры Ақмоншақ Нұртаза әлеуметтік желідегі парақшасында отбасы тақырыбында ой толғап, мазмұнды жазба жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.

Жазбасында ол отбасының адам өміріндегі маңызын ерекше атап өтіп, оны рухани тірек, тәрбиенің бастауы әрі қоғамның берік негізі ретінде сипаттады. Оның айтуынша, берекелі отбасы – тұлғаның қалыптасуына ғана емес, тұтас елдің дамуына әсер ететін басты құндылық.

"Отбасы – адам өмірінің ең асыл қазығы, рухани тірегі. Отбасы құндылығын сақтау – қоғамның, ұлттың, тіпті мемлекеттің іргетасын сақтау деген сөз. Себебі отбасы – кішкентай мемлекет. Егер сол кіші мемлекетті қалыптастыра алмасақ, үлкені де әлсірейді. Ең бастысы – махаббат, сыйластық, адалдық пен жауапкершілік. Мен үшін жолдасымның жанында нәзік болу – әлсіздік емес, әйелге тән табиғилық. Иә, жұмыста көшбасшымын, шешім қабылдаймын, бірақ үйге келгенде – анамын, жармын, жай ғана әйелмін. Осы тепе-теңдік отбасындағы жылулықтың, татулықтың кілті", – деп жазды мектеп директоры.

Сонымен бірге ол бүгінгі қоғам жағдайында отбасын сақтап қалу мәселесі жай ғана жеке таңдау емес, ұлттық құндылық деңгейіне көтерілетін маңызды мәселе болуы тиіс екенін атап өтті.

"Бүгінгі таңда отбасын сақтау – аса маңызды ұлттық құндылыққа айналуы тиіс. Қоғамда беделді тұлғалар, билік өкілдері, ел алдында жүрген ерлі-зайыптылар отбасының қадірін көрсетіп, халыққа үлгі бола білсе – бұл үлкен идеологиялық күшке айналады деп ойлаймын. Себебі отбасы – жай ғана жеке мәселе емес, ұлт болашағының негізі. Әрқайсымыз осыны терең түсініп, өз отбасымыздың жылулығын, бірлігін, махаббатын сақтай білсек – қоғам да, ел де мықты болады. Еліміздегі ажырасу статистикасының өзі жүректі ауыртады – бұл тек екі адамның арақатынасының үзілуі емес, бір баланың арманы мен сенімінің сынуы", – деді Ақмоншақ Нұртаза.

Ақмоншақ Нұртаза ажырасу деректерінің артуы ең алдымен балалардың психологиялық жағдайына ауыр салмақ түсіретінін айтып, бұл мәселенің салдарына қоғам бейжай қарамауы керек екенін еске салды.

"Ата-анасы ажырасып жатқан баланың өмірге деген құлшынысы, білімге деген ынтасы төмендейтіні – ащы да болса шындық. Себебі баланың қуанышы да, тыныштығы да – ата-анасының арасындағы үйлесім мен махаббатқа байланысты. Отбасындағы кикілжің – қоғамдағы көп мәселелердің бастауы. Сондықтан ер мен әйел некеге тек сезіммен емес, үлкен жауапкершілікпен қадам басуы керек. Отбасы құру – жеке таңдау емес, қоғам алдындағы аманат. Әр адам ерлі-зайыптылықтың тек бірге тұру емес, бірге көтеретін өмірлік жауапкершілік екенін ұғынса екен. Балалар жетім болып өспесе екен. Себебі бала бақытты болуы үшін, алдымен оның ата-анасы бақытты болуы керек – бұл жазылмаған, бірақ өмірдің ең әділ заңы. Сондықтан отбасыны сақтау – рухани тәрбиенің, ұлттық сананың, адамдық борыштың ең биік көрінісі. Отбасын сақтау – елді сақтау", – деп жазды Ақмоншақ Нұртаза.