Logo
Іздеу
Айдарлар

"Әкешім, жаныңыз жәннатта болсын": Ернар Айдар жеке өмірі жайлы жан сырын ақтарды (ВИДЕО)

/
"Әкешім, жаныңыз жәннатта болсын": Ернар Айдар жеке өмірі жайлы жан сырын ақтарды (ВИДЕО)
ашық дереккөзден

Танымал әнші Ернар Айдар марқұм әкесін еске алып, желідегі оқырмандарын тебірентті, деп хабарлайды Arasha.kz.

"Бір жыл өтті... Әкешім, үніңізді естімегелі, айбатты кескініңізді көрмегелі... Иә, қатты сағындым... Не істейміз, Алланың жазғанына көнеміз... Әкемнің көзі тірісінде баршамыз қолымыздан келгенше разылығын алуға тырыстық. Жетістіктерімізбен қуанттық. Өмірдегі әрбір маңызды істі Әкеміздің ақ батасын алып бастайтынбыз. Өнер жолына да Әкемнің ақ батасымен қадам бастым. Алғаш "Асыл әке" әнін орындадым, кейін "Жаным әке" әнін арнадым. Барлық концерттерімде Әкемді орнынан тұрғызып, алғысымды айтатынмын... Әкем бізге жиі: "Мен сендерге ризамын, балаларым" деп отыратын. Ал біз сізге ризамыз, Әкешім. Сіз – біз үшін қайталанбас тұлғасыз! Әрдайым жадымыздасыз, дұғамыздасыз! Кім ойлаған, қапыда айырылып, осындай ән арнаймын деп. Өлімнің ақиқат екенін білсек те,"«сәл ерте кетіп қалды-ау" деген пенделік ой өзегімді өртейді... Күпірлік етпеймін, Аллаға шексіз шүкір деймін. Қалғанымызға – Анашымa, барша бауырларыма Алла ұзақ ғұмыр берсін деп тілеймін!

Былтыр, 27.12.2024 жылы сағат 15:00-де Әкешімді жер қойнына тапсырдық. Міне, бір жыл өтті… Бүгін, 27.12.2025 жылы сағат 15:00-де әулетімізбен жиналып, Құран бағыштадық. Қаншалықты ауыр болса да, "Әкеге сағыныш" атты ән жазып, бейнебаян түсіріп, балалық ақ жүрегіммен марқұм Әкеме арнадым. Менің Әкем өлген жоқ… Мен оны әрдайым сеземін. Қорғап, қолдап жүргенін білемін. Өнерімде үзіліс болғаны рас. Енді осы әніммен Әкемнен ақ бата сұрап, еңсемді тіктеп, төбеден қарап тұрған Әкемді де, бүгінде сәт сайын дұға етіп отырған Анашымды да, бауырларымды да, әрдайым қолдау көрсетіп жүрген тыңдармандарымды да алдағы уақытта жақсы жаңалықтарыммен қуантамын деген ниеттемін. Менің жанашырларым, тыңдармандарым – баршаңызға мың алғыс! Сіздердің қолдауларыңыз маған үлкен шабыт! Баршаңызға амандық тілеймін", – деп жазды Ернар Айдар.