КСРО Халық әртісі, қазақ киносы мен театрының аңыз тұлғасы Асанәлі Әшімовтің қызы Сағина Әшімова әлеуметтік желідегі парақшасында әкесіне қатысты жүрекжарды жазба жариялады, деп Arasha.kz тілшісі kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
"Бүгін әкемнің артында қалған естеліктерді ақтарып отырып, архивте сақталған газеттерді қайта қарадым. "Экспресс К", "Жас Алаш", "Алматы Ақшамы" беттеріндегі сол бір сәттер жүрекке сағыныш ұялатады. Аңсап, естелік суреттерді ашып, өткен күндерді еске алып отырмын. Әкемнің ізі, оның өмір жолы осы парақтарда қалғандай сезіледі", – деп жазды Сағина Әшімова.
Асанәлі Әшімов – кеңестік және қазақстандық кино мен театр өнеріндегі ең ірі тұлғалардың бірі, ұлттық мәдениеттің айнымас символына айналған қайраткер. Ол сахнадағы дара актерлік шеберлігімен ғана емес, режиссерлік және педагогикалық еңбегі арқылы да қазақ өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Өнер иесі 1937 жылдың 8 мамырында Жамбыл облысының Сарысу ауданында дүниеге келген.
Асанәлі Әшімовтің шығармашылық жолы қазақ театры мен киносының қалыптасу, даму және кемелдену кезеңдерімен сабақтас. Ол сахна мен экранда адам жанының терең иірімдерін ашатын, тағдыры күрделі әрі психологиялық салмағы зор бейнелерді сомдап, бірнеше буын көрерменнің зор ықыласына ие болды. Әшімов қалыптастырған актерлік мектеп шынайылыққа, ішкі драматизмге және көркемдік дәлдікке негізделген өзіндік эстетикалық құбылыс ретінде жоғары бағаланады.