Елге танымал әнші Нұрғали Нүсіпжанов желідегі парақшасында жаңа жазба жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Нұрғали Нүсіпжанов жары Жадыра Сейдештің анасының қазасы туралы айтып, әсерлі жазба қалдырды.
"Бақұл болыңыз, жан-ана! "Ана" деген атыңыздан айналайын Ардақтым, қастер тұтар қасиетті адамым... Өзіңізге деген сағыныш сазымызды ешкімге ешқашан айта алмайтын мөлдір мұңымыз деп ұғынарсыз ұлы жүрегіңізбен. Қайтейін,Жадыраңыз жалғызсырап-ақ қалды-ау... Сізге деген мәңгілік махаббатын жастанып жатып дұға-құранымен оянып жүр елең-алаңда. Әкесінің ақ періштесі деуші едіңіз. Балапаныңыз бейопа өмірде енді өксімесе,енді ешқашан өкінбесе деймін, шіркін-ай. Әппағыңыздың өзіңізбен сырласқанын-мұңдасқанын, сол арқылы сіздің рухыңыздан күш-қуат алғанын тілеймін Алладан. Сізден жаралғанда қандай көркем болса,сізден жаралғанда қандай текті болса-сол тұнығы ләйім лайланбаса деймін, анажан...
Көкіректегі қасіретін қалам, қағазға жеңдіріп-қайғының қара батпақ тұңғиығына батпаса деймін балапаныңызды. Күнделік жазса-көңілі тазарады деп өзіңіз айтқандай,оңаша ойға батса барынша мазаламауға тырысам.Бірақ аз уақытта,бір күнде-бір сағатта фильм жасаттым.Жанарынан жасы тамып,талып отырып екі айтқызбай абыроймен атқарды бәрін. Қаламына сүйеніп іштегі шемен болған шерін ақ қағазға төксе жеңілдер ме екен деген есек дәме де менікі. Бір жапырағыңыз тірліктен бір түңіліп барып,тереңге бір батып барып есін жияйын деді-ау әйтеуір,жас қой,әлі-ақ өз-өзіне келер,уақыт емші... Бірақ көзіндегі мұң көлеңке сынды Жадырамның жан-дүниесін үнемі төңірегін торитын сияқты ма қалай… Көзіңіздің ағы мен қарасындай періштеңіздің жаны жабырқамас үшін қайтсем екен,ойсырап қалған орныңызды қалай толтырсам екем,Жарығым-енді сіз бардағыдай жадырай алар ма екен, жан-ана", – деп жазды Нұрғали Нүсіпжанов.