Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылынан бір отбасының жұмбақ жағдайда жоғалуына қатысты істің мән-жайы жаңа деректермен толықты. Бұл жағдай қоғамда бұрынғыдан да көп сұрақ тудырып отыр, деп хабарлайды Arasha.kz.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, өзін атыраулық "хакер" деп таныстырған белгісіз адам жоғалып кеткен отбасының ұлы Наурызға тиесілі SIM-карталар әлі күнге дейін мезгіл-мезгілімен қолданылып отырғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, бұл нөмірлердің геолокациясы Өзбекстан аумағында тіркелген. Сонымен қатар аталған нөмірлер арқылы WhatsApp мессенджеріне күніне бірнеше рет кіру әрекеттері байқалған.
Туыстарының сөзінше, қараша және желтоқсан айларындағы зейнетақы төлемдері де белгісіз адамдар тарапынан шешіп алынған. Сондай-ақ WhatsApp арқылы отбасының үй жануарлары сатылып кеткені айтылуда. Бұған дейін хат-хабар алмасу отбасының ұлының атынан жүргізілгені хабарланған.
Алайда аталған "хакердің" айтуынша, мемлекеттік органдардың ресми деректері бойынша, жоғалып кеткен отбасы мүшелерінің ешқайсысы Қазақстан шекарасын кесіп өтпеген, тиісті дерекқорларда мұндай белгілер жоқ. Дегенмен ол Түркістан облысында Өзбекстанға өтетін бейресми шекара өткелдері бар екенін, сол жолдар арқылы белгісіз адамдар өткен болуы мүмкін екенін алға тартады.
Ақпарат таратқан азамат мемлекеттік жүйелерді бұзбағанын, тек "ашық дереккөздерге, SIM-карталарды талдауға және байланыс операторларынан алынған мәліметтерге" сүйенгенін айтады. Сондай-ақ оның күдікті деп санайтын бір адамы бар екенін де мәлімдеген.
"Мен ешқандай жүйені бұзған жоқпын. Тек ашық ақпарат пен техникалық деректерді талдадым. Бақылауыма сәйкес, SIM-карталар қолданылып жатыр, бұл күдік тудырады", – деп жазған ол.