Алматыда 2025 жылы 80 және 85 жастағы қариялар некеге тұрып, ресми түрде ерлі-зайыпты атанды. Бұл туралы Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясының Алматы қалалық филиалы мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ведомство дерегінше, биыл оңтүстік астанада 17 500 жұп шаңырақ көтерген. Неке қию саны бойынша Алматы елімізде көш бастап тұр: қалада күніне орта есеппен 90-ға жуық неке тіркеледі.
Некеге тұрғандардың орташа жасы да белгілі болды: қалыңдықтар – 28 жаста, ал күйеу жігіттер – 31 жаста. Сонымен қатар биыл үйленгендердің арасында ең жас жұп – 16 жастағылар, олар неке тіркеу үшін уәкілетті органдардан арнайы рұқсат алған.
Жыл қорытындысы бойынша Алматыда ажырасу саны да азайған: 2025 жылдың басынан бері шамамен 3000 жұп ажырасуға өтініш берген.
Мемлекеттік корпорация өкілдері некеге тұру үшін белгіленген күннен кемінде 15 күн бұрын өтініш беру қажеттігін еске салды. Өтінішті АХАТ бөлімдері, электрондық үкімет порталы немесе екінші деңгейлі банк қосымшалары арқылы тапсыруға болады. Қалаған жағдайда жас жұбайлар неке тіркеу рәсімін салтанатты форматта өткізе алады.