Атырау облысында із-түзсіз жоғалып кеткен бір отбасыға қатысты тың деректер жария болды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында жоғалған отбасы ісіне байланысты әлеуметтік желіде өзін "хакер" ретінде таныстырған азамат жаңа мәліметтерді ортаға салды. Оның айтуынша, отбасы мүшелерінің бірі – Наурыз Мұқанғалиевке тіркелген SIM-карталар жоғалып кеткеннен кейін де мезгіл-мезгіл қолданылып отырған.
Таратылған ақпаратқа сәйкес, бұл нөмірлердің геолокациясы Өзбекстан аумағында анықталған. Сонымен қатар, аталған SIM-карталар арқылы WhatsApp мессенджеріне күніне бірнеше рет кіру тіркелген. Алайда ресми деректерде жоғалған отбасы мүшелерінің Қазақстан шекарасын заңды түрде кесіп өткені туралы мәлімет жоқ.
Хакер сондай-ақ Түркістан облысында Өзбекстанға заңсыз өтетін бейресми жолдардың бар екенін айтып, SIM-карталар сол арналар арқылы үшінші тұлғалардың қолына түсуі мүмкін деген болжам жасады.
Туыстарының айтуынша, қараша және желтоқсан айларында отбасы мүшелеріне тиесілі зейнетақы қаражаты алынған. Бұдан бөлек, WhatsApp арқылы үйдегі мал сатылғаны белгілі болған. Хат-хабар алмасулар Наурыз Мұқанғалиевтің атынан жүргізілгені де бұған дейін хабарланған.