Logo
Іздеу
Айдарлар

"Екінші қызы табылды": Атырауда жоғалған отбасының тағы бір мүшесі туралы дерек шықты (ФОТО)

/
"Екінші қызы табылды": Атырауда жоғалған отбасының тағы бір мүшесі туралы дерек шықты (ФОТО)
kznews.kz коллажы

Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында із-түзсіз кеткен отбасыға қатысты жаңа деректер жарияланды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін КТК телеарнасының тілшілері ауыл тұрғындары мен марқұмдардың жақындарымен тілдескен, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, жоғалған отбасы мүшелері момын мінезді, еңбекқор әрі ешкімге зияны тимеген жандар болған.

"Өте жуас, өз еңбегімен күн көріп жүрген жандар еді. Екі зейнеткер, балаларының екеуі де мүгедек. Көршілердің ешқайсысы күмәнді жағдайды байқамады. Біз олардың жоғалғанын тек туыстары полицияға арыз бергеннен кейін ғана білдік. Қазір ешкім олардың қайда екенін білмейді", – дейді көршісі Үсен Жолдасұлы.

Алғашында отбасының жақындары да жағдайдың мән-жайын ұғына алмаған, өйткені жоғалған отбасының ұлы біраз уақыт бойы хабарласып тұрған.

"Желіде "неге бірден іздемедіңдер?" деп жазып жатқандар бар. Бірақ жиеніміз Наурыз бізге WhatsApp арқылы хат жазып тұрды. "Анам ауырып қалды, сондықтан малды сатайын деп жатырмын" деді. Ауылдастарға мал ұсынып, сатып алуға шақырды. Бірақ ол ешқашан дауыстық хабарлама жібермеді, бейнеқоңырауға да шықпады. Тек мәтінмен жазды. "Мынадай мал бар, алып кетіңіздер, маған ақша өте қажет" деп хабарласты", – дейді туысы Шалқар Мұқанғалиев.

Үй иесінің қарындасы Фаризат Кенжеғалиева отбасының барлық малын жаппай сатуға кіріскені күмән тудырғанын айтты.

"Ағам ешқашан ұзақ уақытқа кетпейтін. Малын қараусыз қалдырмайтын, бір жаққа шығатын болса, міндетті түрде ескертетін. 14 желтоқсанда-ақ бірдеңе дұрыс емес екенін сездім. Оған дейін ештеңеден хабарым болмады, себебі ұлы "анамды емдетуге алып кеттім" деп айтқан еді", – дейді ол.

6 қаңтар кешкісін полиция екі ай бойы іздеуде болған ерлі-зайыптының мәйіті табылғанын мәлімдеді. Алдын ала дерекке сәйкес, олардың денесі үй маңындағы қорадан табылған. Қазір зейнеткерлердің екі баласын іздестіру жалғасып жатыр.

"Іздестіру жұмыстары Шадыман-түбек, Бесмола, Бірмола аумақтарында, 20 шақырым радиуста жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ полицияның тапсырмасымен Қарасу аймағы да тексерілуде. Бұл жерде сүңгуірлер мен суасты дроны тартылған", – деді Атырау облысы ТЖД басқарма басшысы Жанторе Демешов.

Телеарна таратқан ақпаратқа сәйкес, 5 қараша күні жоғалған ерлі-зайыптының тағы бір қызы таксимен үйден кеткен. Ол бөлек тұрған. Кейінірек оның Индер ауданындағы жанармай құю бекетінде бейнебақылау камераларына түскені белгілі болды. Ал зейнеткерлердің екінші қызы күйеуімен бірге Өзбекстан аумағына кеткені анықталды.

Сонымен бірге, жоғалған отбасының отағасына тиесілі ұялы телефон кейде желіге қосылғанымен, қоңырауларға жауап берілмейді.

Еске сала кетейік, отбасы өткен жылдың қазан айында із-түзсіз кеткен. Алайда туыстары полицияға тек 25 желтоқсанда арыз жазған. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша "Адам өлтіру" бабы аясында қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.