Халық әртісі Асанәлі Әшімовтің жұбайы Бағдат Әшімова әлеуметтік желіде жан тебірентерлік жазба жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Өнер иесінің жары өмір мен өлімнің арасы бір ғана сәт екенін атап өтіп, өмірлік серігіне деген сағынышы мен жүрекке салмақ салған қайғысын ашық жеткізді. Оның айтуынша, Құдай қосқан қосағымен 23 жыл, бір ай, үш күн тату-тәтті ғұмыр кешкен.
Бағдат Әшімова жан жарының небәрі үш минуттың ішінде өмірден озуы өзін қатты күйзелткенін айтып, бұл жағдайды өміріндегі ең ауыр соққылардың бірі ретінде қабылдағанын жеткізді.
"Өмір мен өлім арасы қас қағым сәт екен. 23 жыл, 1 ай, 3 күн бірге өмір сүрген Құдай қосқан қосағымнан үш минутта айрылып қалуым ауыр соққы болды. Адамның айтқаны орындалмайды, Алланың қалауына ешкім қарсы тұра алмайды. Жан жарымды қанша қимасам да, ел болып, жұрт болып ақтық сапарға шығарып салдыңыздар. Қайғы бөліссе азаяды деп көңіл білдіріп, жұбату айтқан баршаңызға бас иемін.Тірлігінде алақандарыңызға салып еркелеткен едіңіздер, ақтық сапарға да жер қайысар ел жиналып, егіліп шығарып салдыңыздар. Жаназа шығарғанда сапта тұрған адам саны көп болған сайын, сол жандардың алақан жайып Алладан сұраған бата тілектерін Алла қабыл етеді, пейіштен орын береді дейді. Әумин! Әр шаңырақта бақ-береке болсын. Балаларыңыз аман, бауырларыңыз бүтін болсын", – деп жазды Бағдат Әшімова.