Атырау облысында із-түссіз жоғалған отбасының тағдырына қатысты тың мәліметтер пайда болды, деп Arasha.kz тілшісі Alash.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Аталған оқиғаға байланысты танымал экстрасенс Камран Самедов өз болжамын білдірген. Алайда оның айтқандары отбасының жақындары мен көпшілікті алаңдатып отыр.
Белгілі журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желідегі жазбасында экстрасенстің жоғалған отбасы мүшелеріне қатысты көрген-білгенін бөлісті. Оның айтуынша, айтылған ақпараттың мазмұны аса ауыр болғандықтан, оны толық жария ету мүмкін емес.
Журналист өз жазбасында экстрасенстің болжамы үміт сыйламайтынын атап өткен.
"Экстрасенс жоғалған отбасыға қатысты жағымды ештеңе айтпады. Ақпараттың өзі тым үрейлі, оны ашық айтуға дәтім бармайды", – деп жазды ол.
Кейінірек көріпкелдің өзі тараптар арасындағы хат алмасудың скриншоттарын жариялап, онда отбасы мүшелерінің бұл өмірде жоқ екені айтылғаны көрсетілген.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша ресми іздестіру және тергеу шаралары үздіксіз жүргізілуде. Құзырлы органдар тергеу барысына қатысты нақты мәліметтер тек ресми дереккөздер арқылы ғана таратылатынын тағы да ескертті.