Атырау облысында көпшілікті алаңдатқан оқиғаға қатысты жаңа мәлімет тарады. Желіде сарай маңынан мәйіттері табылған зейнеткерлердің отбасылық қуаныш үстінде түсірілген соңғы бейнежазбасы пайда болды, деп хабарлайды Malim.kz.
Ақпарат көздеріне сүйенсек, Атырау облысының Қызылқоға ауданында із-түзсіз жоғалған отбасының екі мүшесі өлі күйінде табылған. Қазіргі уақытта зейнет жасындағы ерлі-зайыптының тағы екі баласын іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары қылмыстық істі "Адам өлтіру" бабы бойынша тергеп отыр.
Желіде тараған кадрлардан Мақсот пен Нәсіп есімді зейнеткерлердің балалары – Мирамгүл, Наурыз және қыздары Ақбаянмен бірге мерейтойды атап өтіп жатқан сәттері көрінеді. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, бүкіл әулеттің қазасына байланысты негізгі күдікті ретінде Ақбаянның күйеуі қарастырылып отыр.
Жақындарының айтуынша, күдікті азамат дін жолында болған, намаз оқыған. Сонымен қатар, зейнеткерлердің қызы Ақбаян соңғы уақытта туыстарымен сирек хабарласқан көрінеді.
Қазіргі таңда Мирамгүл мен Наурыз хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасуда.