Атырау облысындағы резонансты оқиғаның мән-жайын анықтау үшін аймаққа барған журналист Жанат Молдашова әлеуметтік желідегі парақшасында бейнежазба жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Журналист Instagram желісіндегі ресми аккаунтында күдікті Сұлтан Сәрсемалиев пен оның жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның жалдап тұрған баспаналарын көрсетті. Оның айтуынша, аталған үйді ерлі-зайыпты бір жылдан астам уақыт бойы жалдап келген.
"Күдікті Сұлтан Сәрсемалиев пен әйелі Ақбаян Мұқанғалиева осы үйді жылдан астам жалдап тұрған. 5 қараша Жангелдин ауылынан Мейрамгүл Қарабалиеваны алып шыққан қыз-күйеу осында келген деген болжам бар", – деп жазды журналист.
Еске сала кетейік, Атырау облыстық полиция департаменті 6 қаңтарда Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылы тұрғындарының өліміне қатысты күдіктіні ресми түрде іздеуге жариялаған. Қылмысқа күдікті ретінде отбасының 29 жастағы күйеу баласы – Атырау облысы Махамбет ауданының тұрғыны Сұлтан Сәрсемалиев аталды. Тергеу барысында құқық қорғау органдары бұл іске өзге тұлғалардың қатысы бар-жоғын да тексеріп жатыр.