АҚШ ірі ауқымды соғысқа дайындалып жатыр. Бұл туралы белгілі америкалық журналист Такер Карлсон мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Журналистің пікірінше, мұндай тұжырымға АҚШ президенті Дональд Трамптың Пентагонға бұрын-соңды болмаған көлемде қаржы бөлуді ұсынуы негіз болған. Мемлекет басшысы қорғаныс ведомствосының бюджетiн 1,5 триллион долларға дейін арттыруды көздеп отыр. Бұл қазіргі көрсеткіштен шамамен бір жарым есе жоғары. Трамп бұл жөнінде Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді.

Өз жазбасында АҚШ президенті қорғаныс саласына бөлінетін қаржының ұлғаюы елді кез келген қауіптен қорғай алатын "мінсіз әскер" қалыптастыруға жол ашатынын атап өтті. Сондай-ақ ол Америка мұндай шешім қабылдауға "әлдеқашан лайық" екенін айтты.
Ал Такер Карлсон мұны ауқымды соғысқа дайындықтың белгісі деп бағалайды. Оның пікірінше, мұндай көлемдегі әскери бюджет әдетте жаһандық немесе ірі өңірлік қақтығысқа әзірленіп жатқан мемлекеттерге тән.
"Президент Пентагон бюджетiн бір триллион доллардан бір жарым триллион долларға дейін арттыруды ұсынды. Бұл – ауқымды соғысқа дайындалып жатқан елдердің көрсеткіші. Біз ашық түрде дүниежүзілік соғысқа қарай бет алып бара жатырмыз", – деді журналист өз бағдарламасында.