Жангелдин ауылында жоғалып кеткен тұрғындарға қатысты қозғалған іс аясында күдіктінің бұрын мекендеген Геолог ықшамауданында іздеу және тергеу шаралары жалғасып жатыр, деп Arasha.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Наурыз бен Мирамгүлді іздеу жұмыстары бес күннен астам уақыт бойы тоқтаған емес. Қазіргі таңда аумақта полиция мен Ұлттық ұланның шектеулі құрамы жұмыс істеп, арнайы жылжымалы штаб құрылған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бұған дейін кең көлемде іздестіру жүргізілгеніне қарамастан, тергеу амалдары әлі де тоқтатылмаған.
Полиция қызметкерлерінің бірі аты-жөнін жарияламауды сұрап, іс бойынша барлық ықтимал нұсқалар қарастырылып жатқанын айтты. Соның ішінде күдіктінің бұрын тұрған жеріне қатысты болжам да бар.
Геолог ықшамауданының назарға алынуы кездейсоқ емес. "Ақ Жайық" тілшісіне белгілі болғандай, күдікті Сұлтан Сарсемалиев жұбайы Ақбаянмен бірге осы аумақта айына 50 мың теңгеге уақытша баспана жалдап тұрған. Ерлі-зайыпты бұл үйде белгілі бір уақыт өмір сүрген. Мұндағы үйлердің бір бөлігі бос тұрса, енді бір бөлігі жалға берілген.
Үйдің ішінен тергеу жұмыстарының іздері анық байқалады. Бөлме толық тексеріліп, заттар әр жерге шашылған. Бөлменің ортасындағы кілем жинаулы күйінде жатыр. Тергеу кезінде терезенің бір жақтауындағы пломба алынып, қызыл бояудың ізі қалған.
Аула мен оның айналасында бұрын жүргізілген іздестіру шараларының белгілері сақталған. Жер қазылып, кей жерлерде арнайы техниканың іздері көрінеді. Бұған дейін іздеу жұмыстарына көп күш пен арнайы құралдар тартылған. Әсіресе, жер астындағы нысандарды анықтауға арналған георадар пайдаланылған. Аталған құрылғы Орал қаласынан жеткізіліп, оның көмегімен аула, маңайдағы учаскелер мен үйдің айналасы түгел тексерілген.
Бұл аудан біркелкі жоспарланбаған, саяжай аумақтарымен шектеседі. Бейнебақылау камералары да аз. Ал көршілердің камераларындағы жазбалар 15 күннен артық сақталмайды. Бұл оқиғаның нақты хронологиясын қалпына келтіруге айтарлықтай кедергі келтіріп отыр.
Аталған аумақта Өзбекстан азаматтары да тұрады. Олардың айтуынша, ешқандай күмәнді жағдайды байқамаған, дау-дамай немесе оғаш әрекеттерді көрмеген. Тергеу барысында ықшамауданның өзге тұрғындары да сұралған. Олар да тыныштықтан өзге ештеңе байқамағанын жеткізген.
Көршілерінің айтуынша, бұл отбасы тұйық өмір салтын ұстанған. Олар сыртқа сирек шығып, айналасындағы адамдармен көп араласпаған.
Іздеу барысында аула мен оның маңы толық тексерілген: қазу жұмыстары жүргізіліп, шөп пен қамыс шабылған. Алайда әзірге нақты нәтиже жоқ. Жұмыстардың жүруіне аумақтың далаға жақын орналасуы, теміржолдың болуы, сондай-ақ лай мен қолайсыз ауа райы кедергі келтіріп отыр.
Ресми мәліметке сәйкес, тергеу барлық нұсқаны қарастырып жатыр. Алайда жүргізіліп жатқан шаралар жоғалған адамдардың қаза болуы мүмкін деген болжамға басымдық беріліп отырғанын аңғартады.
Іздеу және тергеу жұмыстары жалғасуда.