Атырау облысында із-түзсіз жоғалған отбасыға қатысты тергеу барысында көпшілікке беймәлім жаңа дерек белгілі болды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Іздеу жұмыстары кезінде кейбір отбасы мүшелерінің телефон құрылғыларында қосылып-өшірілу белгілері тіркелгені анықталған. Қазіргі таңда марқұм ерлі-зайыптының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев пен олардың қызы Ақбаян Мұқанғалиеваға халықаралық іздеу жарияланған. Тергеу деректеріне сәйкес, Сәрсемалиев бұл іс бойынша негізгі күдікті ретінде қарастырылып отыр.
Атырау облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Мейірім Ердәулет жоғалған азаматтардың телефон деректеріне қатысты түсініктеме берді.
Оның айтуынша, отбасы мүшелерінің телефон құрылғылары қазіргі уақытта сөндірулі. Алайда Наурыз Мұқанғалиевтің телефонында белгілі бір кезеңде қосылып-өшірілгені жөнінде техникалық деректер тіркелген. Атап айтқанда, телефонның белсенділігі жаңа жылға дейін, яғни 27-28 желтоқсан күндері байқалған.
Сонымен қатар полиция бастапқыда бірнеше тергеу нұсқасын қарастырғанын атап өтті. Қазіргі уақытта қылмысқа бір ғана адам емес, өзге тұлғалардың да қатысы болуы мүмкін деген болжам жан-жақты тексеріліп жатыр. Тергеу жұмыстары жалғасуда.