Ауыз бекіткен адамға ауыз қуысын тазалауға рұқсат етіледі. Тіпті Пайғамбарымыз ﷺ: "Аузы берік адамның тіс тазалағышы – мисуак" деген. Бұл ораза кезінде ауыз тазалығына мән беруге болатынын көрсетеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Алайда шариғатта аузы берік күйде себепсіз бір нәрсенің дәмін тату немесе шайнау мәкрүһ, яғни құпталмайтын іс саналады. Осыған байланысты кейбір ғалымдар тіс пастасын қолдану кезінде оның дәмі ауызда ұзақ сақталатынын алға тартып, ораза ұстаған адам үшін тіс пастасын қолдану мәкрүһ деген пікір айтқан.
Сонымен қатар, "тіс пастасын қолдануға болады, тек ішке кетіп қалмауын қадағалау керек" дейтін ғалымдар да бар. Дегенмен, пастаның ішке кетіп қалу қаупі болғандықтан, ауыз берік кезде оны қолданбағаны абзал деп есептеледі.
Егер адам тіс пастасын қолдануды таңдаса, оның тамаққа кетіп қалмауын аса мұқият бақылауы қажет. Себебі паста немесе оның дәмі ішке кетсе, ораза бұзылады.