Logo
Іздеу
Айдарлар

Ораза кезінде укол салдыру оразаны бұза ма? Шариғаттағы нақты үкім

/
Ораза кезінде укол салдыру оразаны бұза ма? Шариғаттағы нақты үкім
pixabay.com

Шариғат қағидаларына сәйкес, ауыз, мұрын және тік ішек секілді табиғи жолдар арқылы ағзаға түскен заттар оразаны бұзады. Ал тері арқылы сіңетін нәрселер оразаға әсер етпейді. Бұған ғалымдар берген "тері бетіндегі ұсақ тесіктер арқылы май тәрізді заттардың ішке өтуі оразаны бұзбайды" деген пәтуа дәлел бола алады, деп жазады Arasha.kz.

Имам Әбу Юсуф пен Имам Мухаммад (Алла оларды рақым етсін) бұл үкімді былай тұжырымдаған:

"Қарындағы және бастағы терең жараны емдеу оразаны бұзбайды. Өйткені олардың пікірі бойынша дәрінің ішке негізгі (табиғи) жолдармен баруы шарт. Сондай-ақ, жара арқылы ішке баратын жолдың тығыздылығынан және емделу барысында оның бітеліп қалуынан дәрінің ішке жетуі екіталай" ("Әл-фиқһ әл-ханафи уә адилләтуһу", 1/392).  

Бірақ Имам Әбу Ханифа (Алла оны рақым етсін) қарындағы немесе бастағы терең жараны емдегенде дәрі ішке немесе бас миға жеткені үшін ораза бұзылады, деген және сұйық дәрінің ішке, бас миға жететінін ескерткен ("Әл-һидая шарху бидаят әл-мубтади", 1/557).  

Қазіргі заманғы ғалымдар укол арқылы егілетін дәрілерді екі түрге бөліп қарастырады: біріншісі – ас пен судың орнын басатын, ағзаға қуат беретін дәрілер, екіншісі – тек емдік мақсатта қолданылатын, қоректік қасиеті жоқ уколдар. Шариғат бойынша, тері астына немесе бұлшық етке емделу үшін салынған, денеге азық та, қуат та болмайтын укол оразаны бұзбайды. Ал көк тамырға салынатын уколдар (қан құюдан өзге) жөнінде ғалымдар арасында түрлі пікір бар. Дегенмен көпшілік ғалымдардың көзқарасы бойынша, егер тамырға салынған укол ас-судың орнын баспай, тек емдік мақсатта қолданылса, ол оразаны бұзбайды.

Осыған байланысты емделу немесе аурудың алдын алу мақсатында денеге салынатын инъекциялар – тері астына, бұлшық етке, жамбасқа немесе көк тамырға енгізілетін, ас пен судың орнын алмастыратын қасиеті жоқ пенициллин, инсулин, екпелер, ауырсынуды басатын, дене қызуын түсіретін, ағзаны белсендіретін әрі мұздататын дәрілер мен дәрумендер оразаны бұзбайды.

Сол себепті ораза ұстаған адам ең алдымен дәрігерден салынатын уколдың қандай дәрі екенін нақтылап алғаны жөн. Ал егер инъекцияны салдыру шұғыл қажет болмаса, оны ауыз ашқаннан кейінгі уақытқа немесе Рамазан айынан тыс күндерге қалдырған абзал.

Хасан АМАНҚҰЛ,
Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары
«Мұнара» газеті, №8, 2020