Logo
Іздеу
Айдарлар

Аяғы ауыр (жүкті) және бала емізетін әйелдер ораза ұстай ма?

/
Аяғы ауыр (жүкті) және бала емізетін әйелдер ораза ұстай ма?
Boy_Anupong / Getty Images

Аяғы ауыр немесе бала емізетін әйелдер өз денсаулығына не жатырындағы сәбиіне зиян келу қаупі болса, оразаны уақытша тоқтатуға құқылы, деп хабарлайды Arasha.kz.

"Фәтәуаи Һиндия" кітабында былай делінген:

"Аяғы ауыр және бала емізетін әйелдер өзіне немесе баласына зиян жетуден қорықса, оразасын ашады. Оның қазасын кейін (мүмкіндік болғанда) өтейді. Оразасын ашқаны үшін кәфарат төлемейді. "Хуласа" кітабында да осылай айтылған. 

Әнас ибн Мәликтен (Алла оған разы болсын) жеткен келесі хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:

"Расында Алла Тағала сапардағы адамның ораза мен намаздың жартысын орындауға (намазды қысқартып оқуға, оразада ауыз ашуға рұқсат берді), аяғы ауыр және бала емізетін әйелдерге де оразаны міндеттемеді (оразада ауыз ашуға рұқсат берді)" (Ахмад, Әбу Дәуіт, Термизи, Нәсаи, Ибн Мажә).  

Дертке ұшырағандар сауығып кеткен соң, сапарда болғандар елге оралғаннан кейін, хайыз немесе нифас жағдайындағы әйелдер мерзімі аяқталған соң, сондай-ақ аяғы ауыр және бала емізетін әйелдер емізу кезеңі тәмамдалғаннан кейін ұстай алмаған оразаларының қазасын өтейді.

Алла Тағала "Бақара" сүресінің 184-аятында:

"Парыз ораза санаулы әрі белгілі күндерде ғана өтеледі. Араларыңнан әлдекім ауырып қалып немесе сапарда жүріп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын", – деп бұйырады.  

Имам Бұхари кітабының "Әйямән мәғдудат" (Санаулы күндер) атты бабында бұл сөзді:

"Бала емізетін немесе аяғы ауыр (әйел) өзіне не сәбиіне (зиян келеді деп) қорықса, екеуі де аузын ашады, сосын (уақыты келгенде қазасын) өтеп береді", – деп түсіндірген.    

Алайда аяғы ауыр және бала емізетін әйел ораза ұстай алса, онда ораза ұстағаны дұрыс. Алла Тағала: "Біле білсеңдер, ораза ұстағандарың өздеріңе жақсы", – деді ("Бақара" сүресі, 184-аят).

Сондықтан аяғы ауыр не бала емізетін әйелдер мүмкіндігі жетсе, оразаны өз уақытында ұстағаны абзал. Ал егер ораза ұстау анаға немесе сәбиіне зиян келтіруі ықтимал болса және бұл жағдайды білікті, сенімді дәрігерлер растаған жағдайда, шариғат бойынша оразаны уақытша тоқтата тұруға рұқсат етіледі.