Азаттық радиосы журналисті Манас Қайыртайұлы әлеуметтік желідегі парақшасында халықаралық саясатқа қатысты жазба жариялады. Онда журналист Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамп және Венесуэла басшысы Николас Мадуро арасындағы дипломатиялық ахуалды салыстыра талдайды, деп жазады Arasha.kz.
Журналистің жазбасына сәйкес, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Николос Мадуроны Қазақстанға ресми сапармен шақырған. Бұл шақыру Мәскеуде өткен кездесуден кейін, Қазақстан мен Венесуэла арасындағы қарым-қатынасты дамыту ниеті аясында жасалған.
Алайда Манас Қайыртайұлының жазуынша, Венесуэла басшысы Қазақстанға келе алмаған. Себебі ол АҚШ аумағында жүрген кезде қамауға алынып, сот процесіне тартылған. Осылайша, Тоқаевтың шақырған қонағы Астанаға жете алмаған.
Осы тұста журналист назар аударған тағы бір жайт бар. Оның айтуынша, дәл осы кезеңде Дональд Трамп Қазақстан Президентін АҚШ-қа қонаққа шақырған. Атап айтқанда, 2026 жылдың соңына жоспарланған G20 (Үлкен жиырмалық) саммиті Майами қаласында өтпек. Трамп Тоқаевты осы жиынға қатысуға шақырған.
Манас Қайыртайұлы бұл жағдайды былайша түйіндейді:
"Қонағын тұтқындап, өзін қонаққа шақырды дегеннің мәні – осы".
Сондай-ақ журналист қазіргі таңда Давос қаласында өтіп жатқан экономикалық форумға да тоқталады. Оның мәліметінше, Дональд Трамп "Бейбітшілік кеңесі" атты жаңа ұйым құрып, оның құрамына 18 елді енгізген. Сол елдердің бірі – Қазақстан. Жарияланған суреттерде аталған ұйымның жарғысына қол қойылып жатқан сәт бейнеленген.
Журналистің бұл жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қолданушылар арасында түрлі пікір туғызды. Кейбірі мұны халықаралық саясаттағы ирония ретінде бағаласа, енді бірі геосаяси мүдделердің күрделі тоғысы деп қабылдады.