Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты істен кейін қызметінен босатылған Әбілғазы есімді офицер оқиғаға дейін болған жағдайлар жөнінде өз нұсқасын айтты. Оның сөзінше, ол барлық әрекетті заң аясында атқарған, алайда қоғамдық резонанс салдарынан өзі және бірқатар басшылық қызметтегілер жұмыстан шығарылған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Заңгер Айгүл Орынбекке берген сұхбатында Әбілғазы Нұрай жоғалған күні шақырту бойынша қыз бен оның танысы Шерхан болған үйге барғанын айтты.
"Мен оларды РОВД-ға жеткіздім, бірге де, жеке-жеке де сұрастырдым. Екеуі де қыздың оған өз еркімен келгенін растады. Кейін Нұрай бұл сөзін мен жазып алған видеода да қайталады", – деді ол.
Әбілғазының айтуынша, жағдайды нақтылау үшін ол видеоны Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі арқылы жариялауды ұсынған, бірақ ешқандай түсіндірмесіз бас тарту алған. Видеода Нұрай 2025 жылдың 4 қазанында шамамен сағат 21:00-де үш айдай қарым-қатынаста болған Шерханмен бірге Алматыдан Шымкентке жолға шыққанын айтады.
Экс-полицейдің сөзінше, оның қызметтен босатылғаны туралы хабарды анасы ауыр қабылдап, көп ұзамай өмірден өткен. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа "әділдікті қалпына келтіруді" сұрап жүгінген.
Нұрай Серікбай ісі
Нұрай Серікбайға қатысты іс қоғамда кең резонанс тудырды. 11 қаңтар күні Шымкентте 21 жастағы қыз танысының қолынан қаза тапты, күдікті кейін ұсталды. Туыстарының айтуынша, трагедияға дейін ер адам Нұрайды күштеп алып қашып, некеге мәжбүрлемек болған, алайда сол кезде полиция қылмыстық іс қозғамаған.