Logo
Іздеу
Айдарлар

Шетелдік әншілерге қатысты жаңа ережелер енгізіледі

/
Шетелдік әншілерге қатысты жаңа ережелер енгізіледі
Сурет: Алматы әкімдігі

Қазақстанда шетелдік орындаушылардың гастрольдік сапарларын ұйымдастыру тәртібі қайта қаралуда. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов Сенатта өткен отырыстан кейін мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Алдын ала келісім: Бұрын артистер акиматпен келісім жасамай тұрып-ақ билет сата беретін. Енді алдымен келісімшарт жасалып, жергілікті әкімдікпен жұмыс басталуы тиіс.

Келісімшартта артистің міндеттемелері нақты жазылады. Әндер ұлттық құрылымға нұқсан келтірмеуі, порнографияны, есірткіні және басқа да заңсыз әрекеттерді насихаттамауы керек.

Егер әншінің репертуарында қоғамдық нормаларға қайшы келетін тақырыптар болса, министрлік ол әндерді орындамауға кеңес береді.

Бұған дейін министрлік пен әкімдіктер кейбір концерттер туралы тек әлеуметтік желілерден біліп отырған. Жаңа тетік бұл процесті реттеп, әлемдік стандарттарға сәйкестендіреді.

«Бұрын қалай болатын? Мәселен, шетелдік артист Қазақстанның қайсыбір қаласына гастрольмен келеді делік. Ол алдымен алаң (сахна) табады, бірақ ешқандай шарт жасаспай-ақ, бірден билет сатуды бастап жібереді. Билеттер сатыла бастаған кезде ғана жергілікті атқарушы органдармен жұмыс басталатын. Әкімдік бұл шараны бүкіл жұмыс белсенді кезеңге өткенде, яғни билеттер сатылымға шыққанда ғана көретін. Көбіне біз, сондай-ақ жекелеген жергілікті атқарушы органдар қайсыбір артистің гастрольмен келе жатқанынан мүлдем хабарсыз болатын жағдайлар жиі кездесті. Біз бұл туралы кейде тек әлеуметтік желілерден ғана біліп жататынбыз. Біздіңше, бұл мүлдем дұрыс емес», - деді вице-министр.

Вице-министр Қазақстанның шығармашылық еркіндікке ашық екенін, бірақ заң талаптарының орындалуы маңызды екенін атап өтті.