Logo
Іздеу
Айдарлар

"Әкелері нәпақа табуға кеткен": Ақтөбеде анасы мен үш баласының денесі үйлерінен табылды

/
"Әкелері нәпақа табуға кеткен": Ақтөбеде анасы мен үш баласының денесі үйлерінен табылды
Аlmaty.tv

Ақтөбе қаласында жантүршігерлік оқиға тіркелді. Жеке тұрғын үйден жас әйел мен оның үш баласының мәйіті табылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қайғылы жағдай болған сәтте отбасы жалдамалы үйде тұрған. Анасы 11, 6 және 3 жастағы балаларымен бірге үйде болған, ал отағасы нәпақа табу үшін басқа жаққа кеткені белгілі болды.

Алғаш болып дабыл қаққан – үлкен қызының сынып жетекшісі. Оның айтуынша, оқушы қыз бір апта бойы сабаққа келмеген. Соңғы рет ол өткен дүйсенбі күні байланысқа шыққан, содан кейін ұстаздар алаңдап, баланың жағдайын білуге кіріскен. Бірнеше мәрте отбасының тұрғылықты мекенжайына барғанымен, ешкім есік ашпаған. Ал бүгін үйден сұмдық көрініс анықталған.

"Бүгін тәрбие ісі жөніндегі орынбасарымыз тағы да іздеуге барды. Уақытша үйдің иесінен көмек сұраған. Сөздерінің айтуынша, олар терезе арқылы кіріп, мәйіттерді тапқан", – деді орта мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнагүл Тастемирова.

Педагогтардың мәліметінше, отбасы тұрмысы төмен, қолайсыз санатта болған. Анасы ішімдікке салынған. Өлімнің нақты қашан болғаны әзірге белгісіз.

Алдын ала болжам бойынша, қайғылы жағдайға табиғи газдан улану себеп болуы мүмкін. Газдың таралуы газ жабдықтарын дұрыс пайдаланбаудан орын алған деген нұсқа қарастырылып жатыр.

"Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін кешенді тергеу және процессуалдық шаралар жүргізіліп жатыр", – деді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Асет Қалиев.