Атырау облысында із-түссіз жоғалып кеткен отбасыға қатысты "Qazaq Airan" YouTube арнасы жаңа деректерді жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұған дейін арна тілшілері Атырау облысына арнайы барып, іздеуде жүрген күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевтің туыстарымен сұхбаттасқан болатын. Сол кезде эфирге шықпаған кейбір жайттар енді көпшілік назарына ұсынылды.
Бұл жолы күдіктінің әкесі ел біле бермейтін мәліметтермен бөлісті. Оның айтуынша, ұлымен байланыс өте сирек болған.
"Анасымен сөйлесіп жүретін шығар… Ал мен өзім сирек сөйлесемін. Маған да көп телефон соқпайды. 30 қарашада келіп, екі үлкен баланы алып кеткен екен. Балаларға қыстық күрте, аяқ-киім алып беріпті дейді. Мен өз көзіммен көрген жоқпын. Кейін екі баласын таксиге отырғызып, үйіне жіберген. Содан кейін мүлде хабарласпады", – дейді ол.