Депутаттар Елнұр Бейсенбаевтың Мәжілістегі өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға шешім қабылдады

Бүгін, 10:59 / Arasha.kz
t.me/mazhilis_kz. Суретте: Елнұр Бейсенбаев

Елнұр Бейсенбаев бұдан былай Мәжіліс депутаты емес. Парламенттің төменгі палатасының депутаттары оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешімді бірауыздан қолдады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мәселені дауысқа салу кезінде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов әзілдеп: "Дұрыстап дауыс берейік", – деді.

Елнұр Бейсенбаевтың өкілеттігі оның басқа қызметке ауысуына байланысты тоқтатылды. 9 ақпанда Мемлекет басшысы оны Президент Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындады.

Қоштасу сөзінде бұрынғы депутат Елнұр Бейсенбаев әріптестеріне алғыс айтып, барлық істе әділ болуға және дұрыс шешім қабылдауға тырысқанын жеткізді.

Сондай-ақ ол жаңа Конституция жобасын әзірлеу туралы да айтты.

"Бұл – іргелі құжат. Конституция алдағы ондаған жыл бойы жұмыс істейтін берік негіз болады. Ортақ іске қосқан үлестеріңіз зор. Құрметті әріптестер, баршаңызға денсаулық, амандық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Сәттілік!" – деді Елнұр Бейсенбаев.

Өз кезегінде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Бейсенбаевқа белсенді еңбегі үшін алғыс білдірді.

"Бірлескен жұмыс барысында парламенттік фракциялар арасында сындарлы әрі мазмұнды диалог орната алдық. Әсіресе Президент реформалары қарсаңында бұл аса маңызды болды. Сіз ортақ іске өлшеусіз үлес қостыңыз. Жаңа қызметіңізге сәттілік тілейміз", – деді Қошанов және экс-депутатқа алғыс хат табыстады.

Еске салайық, Елнұр Бейсенбаев VIII сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты болды. Ол 2023 жылғы 28 наурыздан бастап Amanat партиясының партиялық тізімі бойынша сайланған еді.

Тэгтер:

депутат мәжіліс Елнұр Бейсенбаев