Logo
Іздеу
Айдарлар

"Өзінің ары мен абыройы алдындағы емтихан": Бердібек Сапарбаевтың ұлы ел естімеген жайтты айтты (ФОТО)

/
"Өзінің ары мен абыройы алдындағы емтихан": Бердібек Сапарбаевтың ұлы ел естімеген жайтты айтты (ФОТО)
ашық дереккөзден

Танымал мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевтың ұлы Жансұлтан Сапарбаев Instagram желісінде жеке ой-толғамын бөлісті, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ол сын-пікірге, әртүрлі көзқарасқа түсіністікпен қарайтынын айтты.

"Мен сынға қалыпты қараймын. Әртүрлі пікірге де, келіспеушілікке де түсіністікпен қараймын. Адамдардың басқаша ойлауы – қалыпты жағдай", – дейді ол.

Алайда марқұм адамға бағытталған жеккөрінішті пікірлер оны ойландыратынын жасырмады.

"Бірақ өмірден өткен адамға айтылатын хейтті көрген сайын тоқтап, ойланып қаламын. Бұл енді пікір де емес, ұстаным да емес. Бұл – адамның ішкі күйі. Оның ішіндегі ашу, ауырлық немесе бос кеңістік туралы", – деп жазды ол.

Жансұлтан Сапарбаевтың айтуынша, адам марқұм туралы жағымсыз сөз айтқанда, шын мәнінде өзі туралы сыр ашады.

"Адам қайтыс болған кісіге тіл тигізсе, ол негізінде өзі туралы айтып тұр. Бұл – қоғам алдындағы емес, өз ар-ожданы алдындағы емтихан. Адамгершілік емтиханы", – деп түйіндеді ол.

Бердібек Сапарбаевтың өмір жолы

Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев 1953 жылы дүниеге келген. Ол Алматы халық шаруашылығы институтын тәмамдаған. Әр жылдары Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының әкімі қызметтерін атқарды.

2014-2015 жылдары Премьер-министрдің орынбасары болды. 2019 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарып, кейін қайтадан Премьер-министрдің орынбасары лауазымына тағайындалды.

2020 жылдың ақпанынан 2022 жылдың сәуіріне дейін Жамбыл облысының әкімі болды. Соңғы жылдары QazBioPharm ұлттық холдингі АҚ директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған.

Айта кетейік, Бердібек Сапарбаев 71 жасқа қараған шағында өмірден өтті.