11 ақпанда саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев, оның оққағары Бауыржан Байбосын және жүргізушісі Василий Журавлев қаза тапқанына 20 жыл толды. Бұл күн саясаткердің туыстарының жаңа мәлімдеме жасауына себеп болды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Сәрсенбаевтың жақындары Қазақстан Республикасының Бас прокурорына істі "жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша" қайта қозғау туралы өтініш жолдады.
Өтініште тергеу мен сот процесі кезінде елеулі заңбұзушылықтар болғаны, сондай-ақ бірқатар маңызды жайттарға тиісті құқықтық баға берілмегені айтылған.
Құжатта іс бойынша аудиожазбаға сілтеме жасалып, онда Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі делінетін сөздер келтірілген. Өтініш авторларының мәліметінше, жазбада "іс бойынша бәрі дәлелденген, айқайлаудың қажеті жоқ, бір айдан кейін іс сотқа беріледі, халық бүгін сөйлеседі де, ертең ұмытады" деген мазмұндағы пікір айтылған.
Өтініш иелері бұл дерек сот үкімінің алдын ала шешілген болуы мүмкін деген күдік тудырады деп санайды.
"Яғни сот басталғанға дейін бір ай бұрын Президент бұл іс бойынша бәрін шешіп қойған, ал сот процесі тек қоғам үшін қойылған спектакль болды", – делінген мәлімдемеде.
Сонымен қатар өтініште Қазақстанның Тұңғыш Президентінен жауап алу қажеттігі айтылған.
"Осы жазбаның өзі сот үкімін жоюға негіз болуы тиіс, ал Назарбаев Н.Ә. осы мәселе бойынша жауапқа тартылуы керек", – деп талап қойған өтініш авторлары.
Сәрсенбаевтың туыстары бұл оқиғаны "саяси террор актісі" деп атап, Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мүшелерін қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін көтерген.