Қазақстанда әлі референдум комиссиясын құру туралы ресми жарлық шықпай тұрып, Referendum2026.kz домені 19 қаңтар күні тіркелгені белгілі болды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Соңғы күндері сайт белсенді жұмыс істей бастаған.
Сайттағы байланыс мәліметтерінде Астанадағы «Amanat» партиясы орналасқан ғимарат көрсетілген. Алайда тіркеу деректері оның Алматыдағы жеке тұлғаға байланысы барын аңғартады. Яғни, көрсетілген мекенжай мен нақты тіркелу орны арасында сәйкессіздік бар (VPN қолданылмаған жағдайда).

Ашық деректерге сәйкес, желілік ресурсқа қатысты байланысқа жауапты азамат ретінде Алматы тұрғыны Ержан Райымбеков көрсетілген.

Сайт мазмұнында референдумға қатысты ақпарат жариялана бастағанымен, түсіндірмелік материалдар жүйеленбеген. Әсіресе ұсыныстарды немесе нұсқаларды салыстырып көрсететін салыстырмалы кесте берілмегені байқалады – бұл пайдаланушыларға өзгерістердің мәнін толық түсінуге қиындық туғызуы мүмкін.
Сонымен бірге аталған сайтқа қатысты талқылау әлеуметтік желілерде күшейіп келеді. Мысалы, Facebook-тегі жарияланымдардың бірінде пайдаланушылар Referendum2026.kz сілтемесін бөлісіп, оның қашан және кім тарапынан іске қосылғаны жөнінде пікір алмасуда.
Осылайша, ресми саяси процестер басталмай тұрып тіркелген сайттың пайда болуы және онда көрсетілген деректердің толық сәйкес келмеуі азаматты қоғам арасында сұрақтар туындатып отыр.