Logo
Іздеу
Айдарлар

Бұл туралы көп айтылмайды: Қай уақытта қазақ келінге сәлем салдырмаған?

/
Бұл туралы көп айтылмайды: Қай уақытта қазақ келінге сәлем салдырмаған?
ашық дереккөзден

Сәлем салу – қазақ халқының ежелден келе жатқан әдеп-ғұрпының бірі. Бұл – келіннің ата-енесіне, қайын жұртына және үлкендерге деген құрметін білдіретін ишара. Иіліп сәлем беру – өзінен жасы үлкен адамға сый көрсетудің белгісі. Дәстүр бойынша келін ата-енесіне күн сайын таңертең және олар алыс сапардан оралғанда сәлем салады. Бұл салт келіннің босаға аттап, беташар рәсімінен өткен күнінен басталады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Беташар кезінде күйеу жігіттің туыстарының әрқайсысына арнау айтылып болған соң, келін абысындарының қолдауымен иіліп сәлем береді. Кейін күнделікті өмірде күйеуінің жақын туыстарын көргенде екі қолын айқастырып, «сәлем бердік» деп иіледі. Жолыққан сайын осылайша құрмет көрсетіп отырады.

Келін ата-енесіне, қайнағаларына, әулеттің үлкендеріне және ауыл ақсақалдарына сәлем салады. Үлкендер жас келінге батасын беріп, ақ тілектерін айтады. «Бақытты бол», «Өркенің өссін», «Ұл тап» деген ізгі ниет – келінге деген сенім мен үміттің көрінісі. Жас келін шаңырақтың берекесін кіргізетін болашақ ана ретінде ерекше құрметке ие болған.

Кей өңірлерде сәлем салудың екі түрі кездеседі: бірі – келіннің үлкендерге иіліп сәлем беруі, екіншісі – ас ішкен соң табаққа сәлем салу дәстүрі. Үлкен адам табақты ұсынғанда келін иіліп сәлем салып барып алады. Бұл да – тәрбиелік мәні бар ғұрып.

Сонымен қатар келінге қатысты түрлі ырым-тыйымдар қалыптасқан. Үйге оң аяқпен кіру, отқа май тамызу сияқты дәстүрлер шаңырақтың амандығын тілеуден туған. Бүйір таяну немесе жүресінен отыру секілді әрекеттер әдепсіздік белгісі саналған. Мұның бәрі – жас келіннің тәрбиесі мен денсаулығына деген қамқорлықтан шыққан.

Ал келіннің сәлем салудан босатылатын кездері де болған. Жазушы, этнограф Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» еңбегінде айтылғандай, аяғы ауыр келінді ата-бабаларымыз сәлем салудан уақытша босатқан. Бұл – болашақ анаға деген құрметтің белгісі. Мұндайда қайнағалары да оның алдынан өтпеуге тырысқан.

Сондай-ақ күйеуі қайтыс болған жағдайда да келін сәлем салудан біржола босатылған. Үлкендер «Басың иілмесін, қызымыздай бол» деп, оны құрметпен қорғаған. Бұл – қайғы жұтқан жанды жұбатып, әулеттен алыстатпау ниетінен туған дәстүр.

Осылайша, сәлем салу – тек міндет емес, терең тәрбиелік мағынасы бар салт. Ал белгілі жағдайларда келінді бұл міндеттен босату – қазақ қоғамының адамгершілікке негізделген биік мәдениетін көрсетеді.