Жеңішбек Токторбаев Ош қаласының мэрі қызметінен босатылды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жеңішбек Токторбаев Ош қаласының мэрі болып өткен жылдың 23 қаңтарында тағайындалған еді. 14 ақпанда ол 58 жасқа толды. Тағайындалғанға дейін VII шақырылымдағы Жогорку Кенештің депутаты болып, «Ата-Жұрт Кыргызстан» партиясының атынан сайланған.
Мэр қызметіне кіріскен алғашқы кезеңде қала аумағындағы заңсыз нысандарды жаппай бұзып, муниципалдық жерлерді босату жұмыстарын жүргізуімен ерекшеленді. Осыған байланысты қоғамдық кеңістікте оған бейресми түрде «Снос-аке» деген лақап ат берілген.
2025 жылдың қыркүйегінде мемлекет басшысы қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін Токторбаевқа қатаң сөгіс жариялаған болатын.
Ал өткен жылдың желтоқсанында ол мемлекетаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін Өзбекстан Республикасының «Достық» орденімен марапатталған.
Жеңішбек Токторбаев – бұрынғы ҰҚМК төрағасы Қамшыбек Тәшиевтің сыныптасы. Ресми түрде кадрлық өзгерістердің бұл жағдаймен байланысы айтылмағанымен, саяси ортада мұндай сәйкестіктің кездейсоқ болмауы мүмкін деген пікірлер бар.
Ош қаласы әкімінің орнына кім тағайындалатыны әзірге белгісіз.