Logo
Іздеу
Айдарлар

"Қасымда жүрдің де, қашып кеттің": Алтынбек Сәрсенбаевты өлтіруге кім тапсырыс берген?

/
"Қасымда жүрдің де, қашып кеттің": Алтынбек Сәрсенбаевты өлтіруге кім тапсырыс берген?
Ulysmedia коллажы

Белгілі саясаткер әрі кәсіпкер Болат Әбілов марқұм мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбаевтың қазасына 20 жыл толуына орай оның өліміне қатысты өз нұсқасын айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Алтынбек Сәрсенбаев кім болған?

Алтынбек Сәрсенбаев (1962–2006) – Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, журналист. Ол Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елші қызметін атқарған, Ақпарат және қоғамдық келісім министрі болған, сондай-ақ «Ақ жол» партиясының негізін қалаушылардың бірі саналады.

1990-жылдардың басынан бастап президент аппаратында, Үкіметте және ақпарат саласында жауапты қызметтер атқарған. Кейін оппозициялық саяси қызметке бет бұрып, «Ақ жол» және «Нағыз Ақ Жол» партияларында тең төраға болды. Саяси ғылымдар докторы, бірнеше еңбектің авторы.

Қылмыс қалай болды?

2006 жылғы 11 ақпанда Алтынбек Сәрсенбаев, оның күзетшісі Бауыржан Байболсын және жүргізушісі Василий Журавлев із-түссіз жоғалды. Екі күннен кейін олардың мәйіттері Алматы маңынан табылды. Тергеу дерегіне сәйкес, үшеуінің де қолы байланып, желке тұсынан атылған.

Бұл қылмыс қоғамда үлкен резонанс тудырды. Кейін іс бойынша бірқатар тұлғалар қамауға алынып, сотталды. Негізгі күдікті ретінде Сенат аппаратының жетекшісі Ержан Өтембаев танылып, ол кісі өлтіруге тапсырыс бергенін мойындаған хат жазды. Орындаушылар қатарында арнайы қызмет өкілдері болғаны айтылды.

Кейінгі жылдары іс бойынша түрлі жаңа мәлімдемелер жасалып, кей айыпталушылар бастапқы көрсетулерінен бас тартты. Осыған байланысты қоғамда қылмыстың шынайы тапсырыс берушісі туралы пікірталас жалғасып келеді.

Болат Әбілов не деді?

Болат Әбіловтің айтуынша, Алтынбек Сәрсенбаев бір кезеңде Тұңғыш президентке адал қызмет еткен. Ол сол жылдары билік ішінде ықпал үшін күрес жүргенін, кейбір тұлғалардың билікті өз қолына алуға әрекеттенгенін айтты.

Әбіловтің сөзінше, Сәрсенбаевтың кейін оппозицияға кетуі билікке ұнамаған. Оның пікірінше, қылмыстың артында жоғары деңгейдегі тұлғалар болуы мүмкін. Сонымен қатар ол бұрын сотталған адамдар шынайы тапсырыс беруші болмауы ықтимал екенін айтты.

Бұл мәлімдемелер – саясаткердің жеке пікірі. Алтынбек Сәрсенбаевтың өліміне қатысты іс қоғамда әлі де түрлі көзқарас пен талқылауға себеп болып отыр.