Logo
Іздеу
Айдарлар

"Ауруханада жан тапсырды": Танымал сериалдардың актері 58 жасында көз жұмды (ФОТО)

/
"Ауруханада жан тапсырды": Танымал сериалдардың актері 58 жасында көз жұмды (ФОТО)
ашық дереккөзден

Ресейде танымал актер Владимир Довжик 58 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Оның қайтыс болғаны туралы «Человек» театры «ВКонтакте» желісіндегі ресми парақшасында хабарлады, деп жазды Arasha.kz.

Владимир Довжик 1998 жылдан бастап «Человек» театрында қызмет еткен. Ол актер ғана емес, режиссер ретінде де танылды. «Приключения бегемотика Бантика» және «Про Машу» спектакльдерін сахналап, «Искусство» қойылымында басты рөлдердің бірін сомдаған.

Театр ұжымы марқұм туралы:

«Жан-жақты, зерделі, сезімтал актер әрі дарынды режиссер Владимир Довжик Театрымыздың дамуына үлкен үлес қосты. «Человек» театры Владимир Давидовичтің туған-туыстары мен жақындарына, әріптестері мен көптеген жанкүйерлеріне қайғырып көңіл айтады. Жаны жәннатта болсын!» – деп жазды.

РБК басылымының мәліметінше, Довжик кино саласында жүзден астам рөлді сомдаған. Мысалы, «Склифосовский» сериалында нейрохирург Юрий Михайлович Шейнманды, «Бригадада» заңгерді, актриса Людмила Гурченко туралы фильмде режиссер Ян Фридтің рөлін ойнаған.

Сонымен қатар ол Леонид Парфеновпен бірге түсірілген «Живой Пушкин», «Мосгаз. Дело № 11: Розыгрыш», «Мамочки» сериалдарына, сондай-ақ Станислав Говорухиннің Иван Колесников, Сергей Гармаш және Светлана Ходченкова ойнаған «Конец прекрасной эпохи» фильміне қатысқан.