Қазақстан Ішкі істер министрлігі Атырау облысында болған атышулы қос кісі өлтіру ісіне қатысты күдіктілердің ұсталу сәтінен түсірілген бейнежазбаны жариялады. Бұл туралы Alash.kz хабарлады.
Тергеу нұсқасына сәйкес, ерлі-зайыптылардың өліміне қатысы бар деп күдікке ілінген тұлғалар Индонезияның Ломбок аралындағы Сенару ауылында қолға түскен. Операция шетелдік құқық қорғау органдарымен бірлесіп, кең ауқымды жедел-іздестіру шаралары барысында жүзеге асқан.
Ұсталғандардың арасында негізгі күдіктімен бірге оның бұрынғы жұбайы да бар. Тергеу деректеріне сүйенсек, бұл әйел қаза тапқан ерлі-зайыптылардың туған қызы болып шыққан. Қазір ол да ата-анасын өлтіру фактісі бойынша күдіктілер қатарында қарастырылып отыр.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, қазіргі уақытта күдіктілерді Қазақстанға экстрадициялау рәсімі жүргізілуде. Жақын күндері олар елге жеткізіліп, тергеу әрекеттері жалғасады.