АҚШ президенті Дональд Трамптың мойнындағы ерекше қызарған дақтар Ақ үйде өткен Құрмет медалін тапсыру рәсімі кезінде байқалды. Бұл туралы Arasha.kz тілшісі NBC News-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ақ үйде сөйлеген сөзінде Трамп АҚШ қарулы күштері Иранға қарсы ауқымды әскери операцияларды жалғастырып жатқанын айтты. Оның айтуынша, бұл әрекеттер Америкаға қауіп төндіріп отырған "қауіпті террористік режимді" тоқтатуға бағытталған.
"Біз Иранның ядролық бағдарламасын жойғаннан кейін, олардың оны басқа жерде қайта құруына жол бергіміз келмейді", – деді Дональд Трамп.
АҚШ президенті Иранның баллистикалық зымыран бағдарламасы жылдам дамып жатқанын айтып, оның Америкаға және шетелде орналасқан америкалық әскерилерге үлкен қауіп төндіргенін атап өтті.
Сондай-ақ Трамптың айтуынша, Иран режимі соңғы 47 жыл бойы АҚШ-қа қарсы әрекет жасап, америкалықтардың өліміне себеп болған.
Президент АҚШ-тың негізгі мақсаттарын да атады. Олардың қатарында:
- Иранның зымыран әлеуетін жою;
- әскери-теңіз күштерін әлсірету;
- Иранның ешқашан ядролық қаруға ие болмауына кепілдік беру;
- террорлық топтарды қаржыландыру мен қаруландыруына жол бермеу.
"Біз келісімге келдік деп ойладық, бірақ олар бас тартты. Кейін қайта оралды, бірақ тағы да шегінді. Сол кезде мен бұл адамдармен келіссөз жүргізу мүмкін емес екенін түсіндім. Барлығын дұрыс жасау керек", – деді Трамп.
Сонымен қатар АҚШ президенті шайқаста қаза тапқан америкалық төрт әскери қызметкердің отбасына көңіл айтты.
"Бүгін біз шайқаста қаза тапқан төрт батыр америкалық әскери қызметкерді жоқтап отырмыз. Олардың отбасына қолдау білдіреміз", – деді ол.

Айта кетейік, маусым айында 80 жасқа толатын Дональд Трамп АҚШ тарихындағы ең егде жаста сайланған президенттердің бірі саналады. Сондықтан оның денсаулығына қатысты сұрақтар да жиі көтеріледі.
Осы жолы жұрттың назарын президенттің мойнындағы ерекше қызарған дақтар аударды.
Дүйсенбі күні Ақ үй дәрігері бұл жағдайға түсініктеме берді. Оның айтуынша, президент тері ауруларының алдын алу үшін арнайы крем қолданып жүр.
"Президент Трамп дәрігердің кеңесі бойынша мойнының оң жағына кеңінен қолданылатын теріге арналған профилактикалық крем жағып жүр", – делінген президенттің жеке дәрігері Шон Барбабелланың мәлімдемесінде.
Дәрігердің айтуынша, бұл емдеу курсы шамамен бір аптаға созылады және қызару бірнеше апта ішінде толық жоғалады деп күтілуде.
Алайда дәрігер Трамптың нақты қандай крем қолданатынын және бұл профилактикалық емнің не үшін қажет екенін нақтылап айтпады.