Logo
Іздеу
Айдарлар

"Бірнеше кандидат бар": Трамп Иранның болашағы туралы мәлімдеме жасады

/
"Бірнеше кандидат бар": Трамп Иранның болашағы туралы мәлімдеме жасады
Pool/Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамп Ирандағы билік толық өзгеруі керек екенін айтып, Вашингтонда елді басқаруға лайық бірнеше үміткер бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Біз келіп, бәрін ретке келтіргіміз келеді. Иранда жақсы көшбасшы болғанын қалаймыз. Бұл қызметті жақсы атқара алады деп ойлайтын бірнеше адам бар», – деді Трамп NBC News телеарнасына берген сұхбатында.

Алайда АҚШ президенті бұл үміткерлердің нақты кім екенін атаудан бас тартты.

Бұған дейін Трамп Иранның келесі басшысын таңдауға жеке өзі қатысуы қажет екенін айтқан. Оның сөзінше, ол мұндай тәжірибені бұған дейін Венесуэладағы жағдай кезінде қолданған.

Еске сала кетейік, бұған дейін 56 жастағы Моджтаба Хаменеи, яғни қаза тапқан жоғарғы көшбасшының ұлы, әкесінің орнына негізгі үміткерлердің бірі ретінде аталып жүргені туралы ақпарат тараған. Алайда бұл жөнінде ресми мәлімдеме жасалған жоқ.

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы операциясы

Айта кетейік, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастаған. Тель-Авив бұл әрекеттің мақсаты Тегеранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермеу екенін мәлімдеді.

Вашингтон Иранның әскери флоты мен қорғаныс өнеркәсібін жоюы мүмкін екенін ескертіп, ел тұрғындарын қазіргі билікке қарсы шығуға шақырды.

Иранның Қызыл Жарты ай ұйымының мәліметінше, АҚШ пен Израильдің шабуылдары салдарынан кемінде 1000 адам қаза тапқан, олардың арасында Иранның жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи де бар.

Бұған дейін Ақ үй басшысы Дональд Трамп операцияның бастапқыда жоспарланған 4–5 аптадан да ұзаққа созылуы мүмкін екенін мойындаған. Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Иранға қарсы одан да қуатты соққылар жасалуы мүмкін екенін айтқан.