Жалпыұлттық референдум қарсаңында «Халық үні» атты бақылаушылар тобы өздерінің дауыс беру процесін бақылауға қатысатынын мәлімдеді. Ұйым өкілдері ел бойынша сайлау учаскелерінде бақылау жүргізіп, дауыс беру барысын қадағалайтынын хабарлаған.
Алайда ашық дереккөздерде бұл ұйым туралы мәлімет аз. Мысалы, қоғамдық бақылаушы өзге ұйымдардың қызметі, құрылымы, бақылаушыларды даярлау тәжірибесі жөнінде ақпарат жеткілікті. Ал «Халық үні» бақылаушылар тобының нақты қандай ұйым екені, қайда тіркелгені немесе қандай құрылым ретінде жұмыс істейтіні жөнінде деректер табылмады.
Орталық сайлау комиссиясының аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың ресми тізімінде де «Халық үні» деген атау кездеспейді. Ұйым бастамашыларының бірі ретінде саясаттанушы Нұрболат Нышанбаевтың есімі аталғанымен, оның өзімен байланысып, түсініктеме алу мүмкін болмады. Жолданған сауалдарға да жауап ала алмадық.
Бақылаушылар тобы 5 наурыз күні Алматы қаласында баспасөз мәслихатын өткізді. Нұрболат Нышанбаев бұл бастама туралы бұған дейін әлеуметтік желідегі парақшасында да жазған.
«Халық үні» деген бақылаушылар тобын құрдық. Бақылаушыларды дайындаймыз, оқытамыз, қыр-сырына үйретеміз», – деп мәлімдеген ол 24 ақпанда Facebook-та жариялаған жазбасында.
Ашық дерекқорлардағы мәліметке сүйенсек, Нұрболат Нышанбаев құрылтайшылардың бірі саналатын «Еуразия инновациялық ғылыми зерттеу орталығы» ЖШС білім беру саласында түрлі қызмет көрсетумен айналысады. Компания 2022 жылғы 28 шілдеде тіркелген. Ашық деректерде әзірге оның салық төлемдері туралы ақпарат көрсетілмеген.
Бақылаушыларға қойылатын талаптар күшейген
Соңғы жылдары Қазақстанда сайлау мен референдумды бақылау тәртібі едәуір қатаңдады. 2022 жылы «Сайлау туралы» заңның бірқатар баптарына енгізілген өзгерістер 2023 жылдан бастап күшіне еніп, бақылаушыларды тіркеу және аккредиттеу рәсімін нақтылай түсті. Енді кез келген ұйым бақылаушы жіберу үшін міндетті түрде Орталық сайлау комиссиясының аккредитациясынан өтуі тиіс. Бұл рәсімге заң бойынша бір айға дейін уақыт беріледі.
Сонымен қатар бақылаушы жіберетін ұйымдардың қызметі олардың жарғысында арнайы көрсетілуі қажет. Бұл талап Орталық сайлау комиссиясының 2020 жылғы 4 желтоқсандағы қаулысында нақты жазылған:
«Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің, “Коммерциялық емес ұйымдар туралы”, “Қоғамдық бірлестіктер туралы” және “Саяси партиялар туралы” Қазақстан Республикасының заңдарының ережелеріне сәйкес, сайлауды бақылауға жеке тұлғаларды жіберетін субъектілер бұл қызметті өздерінің құрылтай құжаттарына сәйкес жүзеге асырады. Сайлауды бақылау қызметін жүргізу мүмкіндігі заңды тұлғаның жарғысында көзделуге тиіс».
Ал «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 20-1-бабының 8-тармағында бақылаушылардың құқығы былай көрсетілген:
«Бақылаушыларға сайлау учаскесінде фото және бейнетүсірілім жүргізуге рұқсат етіледі, бірақ бұл әрекеттер Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне қайшы келмеуі тиіс».
2022 жылғы 27 желтоқсанда Орталық сайлау комиссиясы жарғылық қызметінде сайлауды бақылау қарастырылған қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу ережелерін бекітті.
Референдумға дайындық қалай?
Алдағы референдумға дайындық республика бойынша жалғасып жатыр. Бақылаушыларды даярлау жұмыстары да басталып кеткен. «Дауыс» қоғамдық бақылаушылар коалициясының мәліметінше, референдум күні жұмыс істеу үшін 18 мыңнан астам бақылаушы арнайы дайындықтан өткен. Олардың шамамен 80 пайызы жоғары білімді, ал үштен екісінің сайлау мен референдумдарды бақылау тәжірибесі үш жылдан асады.
Облыстардың, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалалары әкімдіктерінің мәліметінше, сайлаушылар тізіміне 12 461 796 азамат енгізілген. Барлығы 12 586 413 бюллетень басып шығару жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш сайлаушылар санынан шамамен бір пайызға артық.
Бақылаушылар институты сайлау мен референдум процестерінің ашықтығын қамтамасыз ететін негізгі механизмдердің бірі саналады. Сондықтан жаңа бақылаушылар топтарының пайда болуы мен олардың құқықтық мәртебесі қоғам назарында болуы заңды. Алдағы референдум бақылаушылар жүйесінің қаншалықты тиімді әрі ашық жұмыс істейтінін көрсететін маңызды кезең болмақ.