Атырау облысының Жангелдин ауылында бірнеше ай бұрын хабар-ошарсыз кеткен бір отбасының мүшелеріне қатысты қылмыс әшкереленді. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
2025 жылдың желтоқсан айында полицияға 66 жастағы ер адам мен 64 жастағы әйелдің, сондай-ақ олардың 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының жоғалып кеткені туралы ақпарат түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы мүшелері қараша айынан бері байланысқа шықпаған. Осыған байланысты олардың барлығы іздеуге жарияланып, іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетовтің мәліметінше, желтоқсан айының соңында Атырау қаласының тұрғыны полицияға хабарласып, ағасы мен оның отбасы ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпай жүргенін айтқан. Осыдан кейін жедел-тергеу тобы құрылып, іздестіру жұмыстары жүргізілген.
Тергеу барысында 6 қаңтар күні үй аумағындағы шаруашылық құрылысының ішінен отбасының әкесі мен анасының мәйіттері табылған. Осыдан кейін іс адам өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, жоғалған балаларды іздеу жалғасқан.
Қылмысқа күдікті ретінде 29 жастағы ер адам, яғни осы отбасының бұрынғы күйеу баласы халықаралық іздеуге жарияланған. Сонымен қатар ерлі-зайыптылардың кіші қызы да іздеуге берілген. Бұған дейін ол күдіктімен некеде тұрған.
Кейін Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Индонезиядағы әріптестерімен бірлескен операция барысында күдіктіні сол елдің аралдарының бірінде қолға түсірді. Қазіргі уақытта ол Қазақстанға депортацияланып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Күдікті ұсталғаннан кейін өз кінәсін мойындап, берген мәліметтері негізінде тергеу жалғасты. Жедел-тергеу тобы Атыраудағы үй ауласын қайта тексеріп, сол жерден бұрын хабарсыз кеткен ұл мен қыздың да мәйіттерін тапқан.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қылмысқа ұзақ уақытқа созылған тұрмыстық жанжалдар себеп болуы мүмкін. Тергеу екі және одан да көп адамды өлтіру бабы бойынша жүргізіліп жатыр.
Қазіргі уақытта іс Ішкі істер министрлігінің бақылауында. Сондай-ақ отбасының кіші қызының бұл іске қатысы бар-жоғы тексерілуде. Оның психикалық жағдайын анықтау үшін сот-психиатриялық сараптама тағайындалған.
ІІМ өкілдері қылмыс жасаған адамдардың жауапкершіліктен жалтара алмайтынын және мұндай істер ерекше бақылауда болатынын атап өтті.