Тергеушілер қаза тапқан отбасының банктік карталары мен жеке құжаттарына, сондай-ақ оларға тиесілі малдың сатылу жағдайларына қатысты қосымша деректерді тексеріп жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz.
Дереккөздің мәліметінше, бұл фактілер қылмыстық істің баптары мен саралануына әсер етуі мүмкін.
"Ақ Жайық" басылымының хабарлауынша, қылмыстық істі тергеу барысында қосымша эпизодтар мен жаңа айып баптарының пайда болуы ықтимал.
Индонезиядан күдіктілерді Қазақстанға тапсыру сәтінде түсірілген кадрларда Сұлтан Сәрсемәлиевпен бірге жеке құжаттар мен банктік карталар да берілгені көрінеді.
Бейнежазбада Индонезия тарапы бес адамның жеке куәлігін тапсырғаны байқалады. Олар: Мақсот Қарабалин, Нәсіп Өтешқалиева, Наурыз Мұқанғалиев, Мейрамгүл Қарабалина, сондай-ақ Сұлтан Сәрсемәлиевтің өзі.
Сонымен қатар кадрларда бірнеше банктік карта көрінеді. Олардың арасында төрт Kaspi Gold картасы мен алдын ала мәлімет бойынша зейнетақы төлемдері түсіп отырған тағы төрт карта бар. Ақпаратқа сәйкес, ата-аналары еңбек өтілі бойынша зейнетақы алған, ал балалары мүгедектік бойынша төлем алып отырған.
Тергеу барысында мал сату оқиғасы да тексеріліп жатыр. Ауыл тұрғындарының айтуынша, Наурыз Мұқанғалиев жоғалып кеткеннен кейін оның WhatsApp нөмірінен малдың бір бөлігін сатуға қатысты хабарлама келген. Көршілердің бірі шамамен 1 миллион теңгеге мал сатып алып, ақшаны Kaspi Gold картасына аударған.
Дереккөздің айтуынша, егер банктік карталарды заңсыз пайдалану фактісі дәлелденсе, бұл іске қосымша айып баптарының енгізілуіне себеп болуы мүмкін.
Сонымен қатар 10 наурыз күні тергеу соты күдіктінің жұбайына қатысты шешім шығарды.
Полиция департаментінің өтініші бойынша Ақбаян Мұқанғалиева 10 сәуірге дейін сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін психикалық денсаулық орталығына орналастырылды.
Мамандар оның психикалық жағдайын анықтап, тергеуге қорытынды беруге тиіс.
Қазіргі уақытта Мұқанғалиеваның балалары облыстағы балалар мекемелерінде орналастырылған. Сондай-ақ ерлі-зайыптылар ресми түрде ажырасқанымен, бірге тұруды жалғастырғаны белгілі болды.
Тергеу аяқталғаннан кейін марқұмдардың туыстары жәбірленуші тарап ретінде материалдық шығынды өтеу туралы азаматтық талап қоюға құқылы.
Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.