Елордадағы «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығында «ӘСЕМ FASHION» атты жас дизайнерлердің қалалық конкурсы ұйымдастырылды. Іс-шара Ұлттық киім күніне және «Наурызнаманың» онкүндігіне орай өткізілді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Конкурстың ұйымдастырушылары қатарында елорда әкімдігінің балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы, кәсіби-техникалық колледж және Нұрa ауданы әкімдігі болды.
Конкурстың қатысушылары – колледж студенттері – екі номинацияда өз коллекцияларын ұсынды: этно-фьюжн және NEO-фольклор. Жобаның мақсаты – ерекше дара тұлғаларды анықтау, жастардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, ұлттық киімді насихаттау және жұмысшы мамандықтарға қызығушылықты арттыру.
Іс-шара қонақтары ретінде Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының жас модельерлері және елордадағы Белсенді ұзақ өмір орталығының модельдері қатысты. Көрермендердің ерекше назарын жасанды интеллект технологиялары арқылы жасалған робот аударды, оның биі аудиторияны тәнті етті.
Конкурс бағдарламасының басты сәттерінің бірі «Ақ Бата» этноклубы дайындаған «Тамыр» қойылымы болды. Бұл көрсетілім ұрпақ сабақтастығын, қазақ дәстүріндегі әйелдердің рөлін және үлкендерден жастарға берілетін даналықты бейнеледі.

Финалда қатысушылар амулет пен шаңырақ пішінінде композиция жасап шықты, ал бұл отбасылық бірлік пен ұлттық құндылықтарды сақтаудың символына айналды.
Іс-шара жастардың эстетикалық талғамын дәстүрлі мәдениет негізінде қалыптастыруға, сондай-ақ ұлттық киім мен студенттердің шығармашылық қызметі арқылы өткен мен болашақ арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.