Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың қазасына байланысты күдікке ілінген азамат психикалық емдеу мекемесіне жіберілді. Бұл туралы марқұмның жақындары мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қайғылы жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр. Марқұмның туыстары күдіктінің психикалық ауруға шалдыққаны жөніндегі қорытындыға күмән келтіріп, оны жазадан жалтарудың амалы болуы мүмкін деп есептейді.
Нұрайдың ағасы Сұлтан Серікбайдың айтуынша, күдікті алғашында Шымкентте тексеруден өтіп, кейін Алматыда да сот-психиатриялық сараптамадан өткен. Екі жағдайда да психикалық ауытқуы бар деген қорытынды берілген. Алайда ол мұны "симуляция" болуы мүмкін екенін алға тартты.
"Біріншісі Шымкентте қаралған еді. Сондағы анықтамада психикалық ауытқуы байқалған деп жазып берген. Біз оған сенбей, Алматыға сараптама талап еттік, ол жаққа барды күдікті, ол жақта да осындай анықтама берді. Енді бұл жерде симуляцияның максималды белгілері көрініп тұр. Өйткені қылмыскер кәдімгі ортада өмір сүріп жүрген адам, кәдімгі сау адам. Естігенім бойынша қазір қылмыскер Шымкент қаласында емес. Ол Талғардағы психикалық емдеу орталығында", – деді Сұлтан Серікбай.
Оның айтуынша, іс барысы қоғам назарында болғанымен, тергеудің жабық сипатта жүруі алаңдаушылық туғызуда. Сонымен қатар, күдіктінің уақытша ұстау изоляторында емес, емдеу мекемесінде болуы да күдік күшейтеді.
“Бірақ сол кезде не айтарымды білмеймін. Себебі ойлағандай ол уақытша тергеу изоляторында емес, псикалық орталықта ем қабылдап жатыр екен. Өтірік симуляцияның максималды белгісін қолданып, жазадан қашып кету факторына әкеп соқты. Соған байланысты бүкіл халыққа үндеу жасап отырмыз.Қазір біздің отбасындағы күйді айтып жеткізе алмаймыз. Нұрай әлі күнге дейін біздің жанымызда жүргендей көрінеді. Әке-шешем қатты қиналып жатыр. Біздің тек сұрайтынымыз істің әділ тергеліп, тиісті деңгейде қатаң жаза алғанын қалаймыз. Істің онлайн форматта өткенін және ұзақ созбақтамауын сұраймыз. Алайда жігіттің ата-анасы балаларын ақтап алуға барын салып жатыр. Бәрін түсініп отырмын. Маған қауіп төнуі мүмкін екенінде түсініп отырмын. Алайда қанша әрекет жасасақ та бәрі кері кетіп жатыр. Күдікінің отбасы өте ауқатты. Бірнеше дүкені, кәсібі бар. Ендігі үмітіміз ақпарат көздерінің және халықтың көмегімен істің дұрыс қаралғанын қараймыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, бұл іс трагедия”, – дейді марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай.
Марқұмның туыстары істің әділ әрі ашық қаралуын талап етеді. Олар сот процесін онлайн форматта өткізіп, істі созбалаңға салмауды сұрап отыр. Сондай-ақ күдікті тараптың материалдық жағдайы тергеуге әсер етуі мүмкін деген қауіп те айтылды.