Астанадағы тұрғын үй кешенінде болған өрт Мәжіліс кулуарында қызу пікірталасқа себеп болды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Депутаттар құтқарушылардың жұмысына кедергі келтірген көлік мәселесін көтеріп, мұндай жағдайда қандай шара қолдану керектігін талқылады. Кейбірі өрт сөндірушілерге көліктерді соғып өтуге рұқсат бар десе, енді бірі тәртіп бұзғандарға айыппұлды күшейтуді ұсынды.
Бүгін Мәжіліс кулуарында елордадағы тұрғын үй кешенінде болған өрт оқиғасы кеңінен сөз болды. Оқиға кезінде ауланың ішіне ретсіз қойылған көлік өрт сөндірушілердің жұмысына кедергі келтіріп, олар шамамен 20 минут уақыт жоғалтқан.
Депутат Абзал Құспанның айтуынша, Қазақстан заңнамасына сәйкес, төтенше жағдайда өрт сөндірушілерге көліктерді бұзуға рұқсат етіледі.
«Қылмыстық кодекстің 34-бабына сәйкес, егер азаматтардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төнсе, оны жою үшін келтірілген залал үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылмайды», – деді ол.
Депутат Бақытжан Базарбек бұл пікірді қолдап, мәселенің түп-төркіні қала құрылысына да байланысты екенін айтты. Оның сөзінше, жаңа тұрғын үй кешендерін салу кезінде автотұрақ саны жеткілікті болуы тиіс.
Сондай-ақ ол 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енетін Құрылыс кодексінде құрылыс компанияларына қойылатын талаптар күшейтілетінін атап өтті.
«Мұндай жағдайда ең бастысы – адам өмірі. Егер тұрғындар мұны түсінбей, көліктерін ретсіз қоя берсе, онда айыппұл шараларын қарастыру керек», – деді депутат.
Мәжілісте бұл мәселе тек өрт қауіпсіздігі ғана емес, қала мәдениеті мен жауапкершілік деңгейіне де қатысты екені айтылды.