Америка Құрама Штаттарының Қаржы министрлігі Ресейден жеткізілетін шикі мұнай мен мұнай өнімдеріне қатысты кейбір санкциялық шектеулерді уақытша жұмсартатын жаңа лицензия шығарды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, 17 сәуірге дейін танкерлерге тиелген ресейлік мұнай бойынша жасалатын мәмілелерге рұқсат берілген. Бұл жеңілдік 16 мамырға дейін күшінде болады.
Сарапшылардың пікірінше, саяси деңгейдегі қарсылықтарға қарамастан, мұндай шешім Ресей мұнайына қатысты қысымның белгілі бір деңгейде әлсірегенін көрсетеді. Сонымен қатар, бұл энергетика мен экономика саласындағы байланыстардың әлі де жалғасып жатқанын аңғартады.
Жаңа лицензия шеңберінде белгіленген мерзімде жөнелтілген мұнайды сатып алу мен тасымалдауға заңды түрде мүмкіндік беріліп отыр.
Айта кетейік, бұған дейін осындай лицензия 12 наурыз бен 11 сәуір аралығында әрекет еткен еді. Осылайша, АҚШ мұнай нарығындағы процестерді реттеу мақсатында рұқсат мерзімін тағы бір айға ұзартты.