Қазақстандық продюсер әрі актриса Баян Алагөзова әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен «Қыз Жібек» фильміндегі қамзолға қатысты пікір білдірді. Ол қоғамдағы сынға жауап беріп, тарихи костюмнің өзіне қалай тигенін түсіндірді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Алагөзованың айтуынша, көпшілік шу көтерген бұл жәдігер ұзақ жылдар бойы ешкімнің назарында болмаған және ол продюсер гардеробындағы алғашқы құнды жәдігер емес. Ол сондай-ақ атақты Роза Бағланованың да костюмі өзінде екенін мәлімдеді.
«Менің мәдени шогымның өзі шок болды. Неге екені белгісіз, 50 жылдан астам уақыт бойы бұл қамзол ешкімге керек болмады. Ешкім оны іздеген де жоқ. Осы уақытқа дейін неге ешкім сұрамады? Ұлы фильмнің костюмдері қайда? Оларды кім сақтап қалды? Ешкім сақтамаған», – деді ол.
Продюсердің сөзінше, аталған қамзол ешбір ресми тіркеуде жоқ және ұзақ уақыт жеке адамның қолында сақталған.
«Бұл костюм ешкімге ештеңе міндетті емес. Ол ешбір құжатта тіркелмеген. Оны бір қарапайым әйел үйінде сақтап келген. Кейін сол кісі оның сенімді қолда болғанын қалап, маған беруді жөн көрді. Мұражайда жылына 30 адам ғана көретін жерге емес, көздің қарашығындай сақтайтын адамға табыстағысы келді», – деп түсіндірді Алагөзова.
Әлеуметтік желіде бұл жағдай қоғамда қызу пікірталас тудырып, тарихи мұраның сақталуы мен оның жеке адамдардың қолына өтуі туралы сұрақтарды қайта күн тәртібіне шығарды.