Беларусь Президенті Александр Лукашенко америкалық танымал журналист, «Санчес эффектісі» бағдарламасының жүргізушісі Рик Санческе ауқымды сұхбат берді. Екі сағатқа созылған әңгіме барысында тараптар АҚШ-тың әлемдік рөлі, демократияның шынайы сипаты және геосаяси текетірестерді талқылады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Александр Лукашенконың пікірінше, Дональд Трамптың билікке келуі мен оның саяси қадамдары бүкіл әлемге АҚШ-тың «бәрін істей алатын құдіретті» емес екенін көрсетіп берді. Лукашенко АҚШ-ты әскери және экономикалық әлеуеті жағынан «супердержава» деп мойындағанымен, оның әлемді жеке-дара билейтін «суперкүш» (сверхсила) емес екенін баса айтты.
Беларусь лидері АҚШ-ты Ресейдің кең байтақ аумағымен немесе Қытайдың өсіп келе жатқан қуатымен санасуға шақырды. Оның айтуынша, Вашингтон Иран мәселесін шеше алмағаны сияқты, Қытаймен текетіресте де жеңіске жете алмайды. «Америкалықтар тоқтап, өз мүдделерінен бөлек басқа елдердің де мүддесі бар екенін түсінуі тиіс», – деді Лукашенко.
Сұхбат барысында Лукашенко Батыстың демократия туралы ұрандарын «бос сөз» деп атады. Ол АҚШ-ты сыртқы саясатта нағыз «диктаторлық» танытып отыр деп айыптады. Президенттің уәжінше, өз шекарасынан мыңдаған шақырым жердегі мектептерді бомбалап, балалар мен мұғалімдердің өліміне себепші болып отырған елде адам құқығы туралы сөйлеуге моральдық қақысы жоқ.
Лукашенко Беларусьтегі 30 жылдық тұрақты дамуды АҚШ-тағы төрт жыл сайын өзгеретін, бірақ бағыты мен проблемалары өзгермейтін жүйемен салыстырды. Ол Батыстың нағыз демократияны үйренуі керектігін және Беларусь халқының өз таңдауын қолдайтынын жеткізді.
Лукашенко Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанның саяси жағдайына да тоқталды. Ол Орбанның іс-әрекетін прагматикалық және шынайы деп бағалағанымен, оның саяси қиындықтарына ішкі саясаттағы қателіктер себеп болғанын атап өтті. Лукашенконың пікірінше, Еуроодақтың оппозицияны қаржыландыруы маңызды фактор болғанымен, биліктегі партия халықтың ішкі сұраныстарына толық жауап бере алмаған болуы мүмкін.
Сұхбаттан кейін Рик Санчес Беларусь лидері туралы өз ойын бөлісті. Ол АҚШ-тағы медианың адамдарға «Ресей мен Беларусь – бұзақылар, олармен араласуға болмайды» деген біржақты ақпаратты күнделікті сіңіретінін айтты. Алайда, Лукашенкомен бетпе-бет сөйлескеннен кейін ол: «Егер Лукашенко диктатор болса, онда мен Англия королевасымын», – деген қорытынды жасады. Санчестің айтуынша, америкалық қоғам өзгенің соғысына қатысудан шаршаған және олар Ресей, Қытай, Беларусь басшыларының үнін естуге дайын.